Жер телімдері туралы ақпарат ашық жариялануы қажет - Болат Палымбетов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Атқарушы билік жер телімдеріне қатысты ақпаратты ашық жариялауға асықпай отыр. Аймақтарда коммерциялық мақсатта жер телімін алу мәселесі өзекті болып тұр. Бизнеске тиесілі жерді тартып алу оқиғалары да аз емес, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетовтың айтуынша, қазіргі заңнамада елді мекендердің бас жоспарлары мен инженерлік коммуникациялары жергілікті биліктің  интернет ресурстарында жариялануы қажет. Алайда бұл талаптар толығымен орындалмайды. Толық ақпаратты тек Астана мен Алматы қалалары, сондай-ақ Ақмола, Қарағанды мен Солтүстік Қазақстан облыстары ғана орналастырған. Қалған аймақтарда осы саладағы жұмыс баяу атқарылып келеді.

«Кім, қандай мақсатта жер учаскесін алғандығы туралы ақпарат жоқ. Негізі, жер телімін сатып алған тұлға, телімнің орналасқан жері мен салынатын нысан туралы толық ақпарат болуы қажет. Мемлекеттік органдарға ондай ақпаратты ашық жариялауға міндеттеу керек. Бұл ұсынысты Ауыл шаруашылығы министрлігі қолдап отыр. Қазір кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері жөніндегі заң жобасына тиісті өзгертулер енгізу жоспарланған», - деді Палымбетов бүгін «Атамекен» ҰКП президиумның кеңейтілген отырысында.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде кәсіпкерлерден жер телімдерін тартып алу оқиғалары да аз емес. Ондай жағдайлар Қазақстанның барлық аймақтарында кездеседі.

«Мысалы, Алматы қаласында жыл бойына 1000-нан астам стационарлық емес сауда объектілерін мәжбүрлеп бөлшектеген. Соның орнына басқа жер телімдері берілмеді. Оның салдарынан кәсіпкерлер бизнестерін жабуға мәжбүр болды», - деп атап көрсетті уәкіл.

Соңғы жаңалықтар