Жер сілкінісі кезінде қалай қорғану керек

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жер сілкінісі болған кезде адамдардың қалай қорғанғаны жөн. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі зілзаланың алдын алу және аман қалу жолында қауіпсіздік ережелерін тізіп шықты.

Алдымен үйдегі газ, су мен электр қуатын сөндіру керек. Егер жер сілкінісінің күші аз болса, онда тұрған жеріңізде соңына дейін күткен абзал.

Егер жердің дүмпуі күшейсе және үйдің жоғары қабатында болсаңыз ғимараттан тезірек шығу қажет. Шығу мүмкін болмаса үйдің қабырғасы, бұрышы және есік жақтауының қауіпсіз жеріне тұрыңыз немесе ваннаға жата қалыңыз. Кереует немесе үстелдің астына кіріңіз, ол үйінді астында қалудан қорғайды. Сол сияқты мүмкіндігінше терезе мен ауыр жиһаздан алыс болыңыз және лифтіні пайдаланбаған жөн.

Егер көшеде болсаңыз, ғимараттар мен электр желіcі жанынан аулақ болыңыз, себебі электр сымдарының үзілу қаупі бар. Сонымен қатар ғимарат ішіне кірмеген дұрыс. Егер автомобильде болсаңыз, дүмпу басылғанша сыртқа шықпаңыз.

Жер сілкінісі кезінде болатын қайғылы оқиғалардың басты себептері:

• ғимараттардың толықтай немесе жекелеген бөліктерінің қирауы;

• үзілген электр сымдары;

• пәтердегі ауыр заттардың құлауы;

• өрт.

Жер сілкінісі кезінде ғимараттар кенеттен құлағанда қандай әрекет ету керек

Жер сілкінісін естігенде және ғимарат теңселе бастағанда құжаттар мен бірінші кезекте қажетті заттарды алып ол жерден тез шығу қажет.

Ғимараттан баспалдақпен түсіңіз, өйткені лифті кез келген уақытта істен шығуы мүмкін. Эвакуация кезінде мүмкіндігінше үрейге бой алдырмаған жөн.

Көшеде ғимараттарға жақын тұрмай, ашық кеңістікке өтіңіз. Егер ғимарат ішінде болсаңыз және одан шығу мүмкін болмаса, онда қауіпсіз орынды паналаңыз. Яғни ғимарат қабырғасының бұрышы немесе есіктің қасы.

Егер баламен болсаңыз оларға өз денеңізбен тосқауыл болуға тырысыңыз. Сыртқа тез шығу үшін үйдің есігін алдын ала ашып қойған дұрыс. Үйдегі электр құралдарынан терезе маңынан аулақ ұстаңыз, егер өрт шықса, оны өздігіңізден сөндіруге тырыспаңыз.

Қауіп төнген жағдайда 102, 101,103 және 112 қызметін көмекке шақырып, жүгініңіз. Балконға шықпай, сіріңкені пайдаланбаңыз, себебі газдың шығу қаупі болуы мүмкін.

Үйінді астында қалған жағдайда қандай әрекет жасаған дұрыс

Терең демалыңыз, үрейге бой алдырмаңыз, бастысы ойыңызды жинақтаңыз. Қалайда болса тірі қалуға тырысып, көмектің міндетті түрде келетініне сеніңіз.

Мүмкіндігінше өзіңізге алғашқы медициналық көмек көрсетіңіз. Болған жағдайға икемделуге тырысыңыз және жан-жағыңызға қарап шығу жолын жолын іздестіріңіз.

Өзіңіздің қай жерде екеніңізді және сізден басқа адамдардың бар-жоғын анықтауға тырысыңыз. Тыңдап, барыңызды айтып дыбыс беріңіз. Көмек келем дегенше аштыққа, шөлге төтеп беру үшін энергияны беке шығындамаған жөн.

Жақын маңнан жарық және дыбыс сигналдарын беруші заттарды іздестіріп көріңіз.

Егер үйінді астынан жолы табылса мүмкіндікті пайдаланыңыз. Ол үшін өзіңізді еркін ұстап, шынтағыңызды денеңізге бүркеп қимылдаңыз.

Жер сілкінісі салдарынан зардап шеккен және құлаған ғимараттарға жақындамаңыз және оған кірмеңіз. Жердің қайталама дүмпуіне дайын болыңыз. Өйткені, жер сілкінісінен кейін 2-3 сағатқа дейін қауіп сейілмейді. Яғни зілзала араға бірнеше сағат, тәулік, тіпті ай салып қайталануы мүмкін. Бірінші жер сілкінісінен кейін уақыт өткен сайын, соғұрлым қайталану ықтималдығы аз.


Фото: img.a1.ro

Соңғы жаңалықтар