Жер саудасы: Басшылардан құралған қылмыстық топқа үкім шықты

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Целиноград ауданының мемлекеттік органдары мен кәсіпорындарының 24 қызметкеріне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сотта анықталғандай бірнеше адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топ жылдар бойы 300-ден астам жалған жер телімінің актілерін жасаған. Аталмыш қылмыстық топтың құрамына Целиноград ауданының мемлекеттік органдары мен кәсіпорындарының 24 қызметкері кірген. Олардың арасында Қосшы ауылдық округінің бұрыңғы әкімі,  «ҚазГеоОрталық» ЖШС филиалының директоры, Целиноград аудандық сәулет құрылыс бөлімінің бас маманы, «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» РМК Ақмола облысы филиалының Целиноград аудандық бөлімшесі басшысының міндетін атқарушы, басшының орынбасары және инженер-жерге орналастырушы, Қостанай облысының ХҚО басшысының орынбасары және тағы да басқа бір топ адамдар бар.

Топ жұмысты жеңілдету үшін мемлекеттік құрылымдарда қызмет істейтін мамандарды тартқан. Топ мүшелері жер телімінің  жалған құжаттарын жасап, кейін сатып отырған.

Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен 19 адам 1 миллион 683 мың теңге айыппұлдан бастап, 6 жыл мерзімге дейінгі түрлі қылмыстық жазаға тартылды. Күдіктілердің 5-еуін сот ақтап шықты.

Сот үкімі күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар