Жер ресурстарының бірыңғай веб-порталы іске қосылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Жер ресурстарының бірыңғай веб-порталы іске қосылады. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының ресми сауалына жауап берген ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин атап өткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ағымдағы жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің бар екендігі, олардың тиімді пайдаланылуы, жер учаскесін алуға электронды өтінім беру мүмкіншілігімен бос жатқан жер учаскесі туралы барлық мәліметтерді көрсете отырып, Жер ресурстары жөніндегі бірыңғай веб-порталды іске қосуды жоспарлап отыр», - деді Асқар Мамин.

Жалпы, Үкімет басшысының дерегінше, ауыл шаруашылығымен айналысатын ауыл халқын қолдаудағы негізгі тетік Өнімді еңбекпен қамту бағдарламасы саналады. 2018 жылы аталған бағдарлама аясында 11 мың ауыл тұрғыны 44,7 млрд теңгеге қаржыландырылған.

«Ағымдағы жылы бағдарлама арқылы 50,2 млрд теңге сомаға 12 мың адамды қамту жоспарланып отыр. Бұл ретте барлық қаражаттың шамамен 80 пайызы мал шаруашылығын дамытуға бағытталады: ауыл шаруашылығы мал басы мен жем-шөп сатып алу, ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша дайындау қызметін дамыту және ауылда бизнестің ауыл шаруашылығы емес түрлерін дамыту», - деді Премьер-министр.

Айта кетейік, осы жылдың 14 қаңтарында Мәжілістің бір топ депутаты сол кездегі Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың атына сауал жолдап, ауыл шаруашылығын дамыту, ауыл тұрындарының әл-ауқатын жақсарту мәселесін көтерген еді.

Соңғы жаңалықтар