Жер ресурстарын қорғау саласында қосымша жауапкершілік енгізіледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжілістің жалпы отырысында «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне жерлердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда қаралып, қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Палата заң жобасын 2022 жылғы 28 желтоқсанда бірінші оқылымда мақұлдаған болатын.

Заң жобасының мақсаты - жер қатынастары саласында азаматтарға қызмет көрсету кезінде және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің нормаларын салалық заңнамаға сәйкес келтіру кезінде жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдарының жауапкершілігін күшейту.

Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитеті мәліметіне қарағанда, аталған құжатты талқылау барысында депутаттар заң жобасының негізгі мақсатын іске асыруға бағытталған кейбір ережелерін нақтылап, толықтырды. Атап айтқанда, жергілікті атқарушы органдардың заңсыз шешімдер қабылдауына, олардың жер қатынастары саласындағы міндеттерін орындамауына немесе уақтылы орындамауына қатысты.

Бұған қоса, жер ресурстарын қорғау және пайдалану үшін жер құқықтық қатынастары субъектілерінің қосымша әкімшілік жауапкершілігі көзделеді.

Заң жобасына жергілікті атқарушы органдарға «Геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы» ҚР Парламенті қабылдаған Заңға сәйкес тиісті әкімшілік істерді қарау бойынша өкілеттіктер беретін түзетулер енгізілді.

Сонымен қатар Парламент қабылдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сәйкес келтіру үшін сауда қызметін мемлекеттік бақылау саласындағы өкілеттіктерді жергілікті деңгейден орталық деңгейге беруге қатысты түзетулер көзделген.


Соңғы жаңалықтар