Жер ресурстарын басқару агенттігін құру керек - Бақытжан Базарбек

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жер саласындағы сыбайлас жемқорлықпен күрестің жаңа тәсілдерін енгізуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жер реформасын бастау керек және жер реформасының негізгі бағыты ретінде жер саласындағы олигополиядан шынайы арылу керек. Жер саласындағы монополиялардың қалыптасуына құқықтық жолмен тойтарыс беруіміз қажет. Ауыл шаруашылығы жерлеріне заңсыз ие болғандар оны игермей, дереу сатуға, не банкке кепілге қоюға тырысатын. Екі ортада сыбайлас жемқорлықтан қарапайым халық және мемлекеттің мүддесі зардап шегеді. Сондықтан, алдағы уақытта жер саласында халық үшін түбегейлі реформа қажет. Реформаның негізгі мақсаты халықтың жер қатынастарында құқықтарын күшейту және мемлекеттік қорғау болу керек», - деді Б. Базарбек Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-Министрдің орынбасары - Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің атына жолдаған сауалында.

Оның пайымынша, жер кадастрының және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер иелері аты-жөндерінің ашықтығын қамтамасыз ету қажет. Мыңдаған гектар жердің иелерін жариялау керек.

«Екіншіден, жерге бақылау жасайтын мемлекеттік орган әкімге де, ауыл шаруашылығы министрлігіне де бағынбайтын, Үкімет құрамына кіретін дербес орган – жер ресурстарын басқару агенттігін құру мыңызды. Үшіншіден, мемлекеттік жер кадастрын бір қолға, яғни цифрлық даму министрлігінен жер ресурстарын басқару агенттігіне беру қажет», - деді депутат.


Соңғы жаңалықтар