Жер реформасы комиссиясының 5-отырысы: Қандай мәселелер көтерілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Жер реформасы жөніндегі комиссияның 5-отырысы өтті. Отырыс барысында комиссия мүшелері бұрын жұмыс топтарында қаралған мәселелер бойынша дауыс берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, Жер кадастры мәліметтерінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін Қазақстан азаматтарына жалға берілген жер учаскелері бойынша кадастрлық ақпаратты, оның ішінде заңды тұлғаның атауы немесе жер пайдаланушылар болып табылатын азаматтардың тегін көруге мүмкіндік беретін норманы әзірлеу және Парламентке енгізу туралы ұсыныс қолдау тапты. Сондай-ақ, елді мекендердің айналасындағы қоғамдық жайылымдарға арналған жерлерді белгіленген радиус шегінде резервтеуді көздейтін нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және қабылдау ұсынысы қабылданды.

Осыдан кейін қазақстандықтар үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жекеменшікке беру мәселесі қызу талқыға түсті. Аталған мәселеге қатысты алғашқы болып сөз алған ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров соңғы жылдары шетелдіктер үшін ауыл шаруашылығы жерлерін сату және жалға беру мәселесі өткір көтерілгенін, бүгінгі таңда бұл мәселе түбегейлі шешілгенін, яғни шетелдіктер Қазақстанның ауыл шаруашылығы жерлерін иелене алмайтынын баса айтты.

«Бұл ретте бизнесін тиімді дамытқысы келетін қазақстандықтарға ұзақмерзімді жалға алумен қатар ауыл шаруашылығы жерлерін жекеменшікке сатып алуға рұқсат беру болуы керек. Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұстанымы: жерді пайдаланудың екі институтын да, қазақстандықтар үшін ұзақмерзімді жалдауды да, жекеменшікке алуды да сақтап қалу қажет. Қазақстандық жер пайдаланушылардың ауыл шаруашылығы алқаптарына жекеменшік құқығы мен жалға алу құқығының экономикалық немесе шаруашылық тұрғысынан қайсысы қолайлы болса, соны өз бетінше таңдай алу құқығы болуы тиіс деп санаймыз. Егер біз шын мәнінде ашық нарықтық экономика мен тиімді кәсіпкерлік құруға ұмтылсақ, ерте ме, кеш пе Қазақстанда ауыл шаруашылығы жеріне толыққанды жекеменшік және оны сатып алу/сату бойынша еркін нарық пайда болады», - деді министр.

Оның айтуынша, өткен отырыста банк кредиттерін тарту үшін жердің өтімділігін көтеру мәселесі бірінші рет көтерілді.

«Әкімшілік жағына екінші деңгейлі банктерді жердің кепілдік құнын көтеруге мәжбүрлеу мүмкін емес. Оны бәріміз де түсінеміз. Демек, жердің нақты нарықтық құны болуы тиіс. Ал бұған жекеменшік институтын енгізу және ауыл шаруашылығы жерлерін сатып алу/сату нарығы жағдайында ғана қол жеткізуге болады. Иә, Жер комиссиясындағы талқылау барысында ауыл шаруашылығы жерлерінің барлығы бірдей жекеменшікке сатылып кетіп, ірі жер иеленушілердің қолына шоғырланады, сондай-ақ ұтымсыз пайдаланады деген алаңдаушылық айтылды. Осындай алаңдаушылықтарға бола қазақстандықтар үшін жекеменшікке толық тыйым салуға болмайды деп есептейміз. Бұл үшін заң түрінде база құру керек. Мысалы, жекеменшікке тым үлкен жер алқаптарының бір қолға шоғырлануына жол бермеу мақсатында бір әкімшілік аудан шегінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің ең жоғары мөлшерін белгілеу қажет. Бұл ретте қазақстандықтар үшін жер учаскесіне жекеменшік құқығын алу үшін қажетті шарт кәсіптік даярлық, аграрлық сектордағы жұмыс тәжірибесі және ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануға қажетті капиталы болуы тиіс. Жер ашық сауда-саттықта мемлекеттік жүйе арқылы сатылуы керек», - деді Сапархан Омаров.

Министрдің атап өтуінше, жалға беру жағдайында ауыл шаруашылығы жерлері белгілі бір кезең ішінде тиімді және ұтымды пайдаланылған жағдайда одан ары оларды жекеменшікке беруге рұқсат етілуі тиіс. Ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланбайтын немесе ұтымсыз пайдаланатын тұлғалар жоғары салықтар мен айыппұлдар түрінде қаржылық жазаға тартылуы керек. Осылайша, белгілі бір өлшемшарттарды белгілеу арқылы қазақстандықтар үшін жекеменшікке рұқсат берілуі қажет.

«Жекеменшіктің өз артықшылықтары бар екені даусыз. Ол ауыл шаруашылығына инвестиция тартуға ынталандырады. Мәлімет үшін айта кетер болсақ, жалпы республика бойынша агроөнеркәсіп кешені өнімдері өндірісін ұлғайту мақсатында 2025 жылға дейін 4,5 трлн теңге сомасына 845 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Олардың арасында капиталды көп қажет ететін және өзін өзі ақтау мерзімі ұзақ өнеркәсіптік бақтар мен жылыжайлар, суармалы егіншілік құру жобалары бар», - деді ол.

Аталған мәселеге қатысты комиссия мүшелерінің пікірі жекеменшікті жақтаушылар, тыйым салуды жақтаушылар және фермерлерге ұзақ мерзімге жалға берген дұрыс деп санайтындар болып үшке бөлінді.

«Dala Fruit» ЖШС директоры Болатбек Нажметдинұлы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді Қазақстан азаматтарының жекеменшігіне беру қажет екенін айтады.

«Қаланың ішіндегі зауыт пен фабрикаларға астындағы бірнеше ондаған гектар жерді сатып алуға мүмкіндік беріп, қойманың, бау-бақшаның, жылыжайдың, ет бордақылайтын алаңдардың, сүт пен ет фермаларының астындағы жерді жекеменшікке неге бере алмаймыз? Соны түсінбеймін. Алалаушылық неге бар?», - деді Болатбек Нажметдинұлы.

Ал Жер реформасы жөніндегі комиссияның мүшесі Мұхтар Тайжан ауыл шаруашылығы жерлерін Қазақстан азаматтарына жекеменшікке беруге толықтай келіспейтінін ашық білдірді.

«Себебі ауыл шаруашылығына арналған жерлер Қазақстан аумағының 80 пайызын құрайды. Бүгінде 100 млн гектар ауыл шаруашылығына жарамды жер пайдаланып, тағы 100 млн-нан астам гектар жер қорда тұр. Ол - мемлекетіміздің негізі. Ауыл шаруашылығын жерді жекеменшікке бермей-ақ дамытуға болады. Бұл әлемдік, тіпті еліміздің де тәжірибесі деуге болады. Өйткені, 2013-2016 жылдары аралығында жер жекеменшікке сатуға ашық болған кезде небәрі 0,6 пайыз ғана жер сатылды. Яғни, жерді жекеменшікке бермей-ақ та ауыл шаруашылығын дамытуға болады деген сөз», - деді ол.

Осы орайда «Bazarbek&Partners» заңгерлік компаниясының директоры Бақытжан Базарбек Қазақстан азаматтары үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жекеменшік құқығын беру мәселесіне қатысты мораторийді тағы да 5 не 7 жылға созуды ұсынып, оған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым қолдау білдірді.

Қазақстан Халық партиясының төрағасы Айқын Қоңыров болса жер мемлекеттің меншігі болып қалуы тиістігін баса айтты.

«Өкінішке қарай қазіргі таңда ауылдағы ағайындардың жер сатып алатын мүмкіндігі жоқ. Ал сатып алатындар мүлдем басқа саланың адамдары. Олар жерді қайта сатып немесе жалға беріп пайда табуды ойлайды. Жер мәселесін біржола шешу керек», - деді ол.

Отырысты қорытындылаған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов комиссия мүшелерінің арасында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді Қазақстан азаматтарының жекеменшігіне беру мәселесіне қатысты бірыңғай пікір қалыптаспағандықтан оны егжей-тегжейлі пысықтауды ұсынды.

«Өздеріңіз көріп отырғандай, жекеменшікке байланысты бүгін комиссия мүшелерінің біртұтас пікірі қалыптасқан жоқ. Жұмыс топтарының жетекшілері де ойларын ортаға салды. Олар да шешім қабылдаған жоқ. Неге десеңіздер, мәселе күрделі. Мәселе мағынасы жағынан да, мәні жағынан да өте маңызды, терең сұрақ болғаннан кейін жұмыс топтарының басшылары осындай шешімге келді ғой деп ойлаймын. Бірге талқыладық. Ашығын айтқанда, түпкілікті шешім қабылдау үшін біраз уақыт керек екені анық», - деді Ералы Тоғжанов.

Үкімет басшысы орынбасарының атап өтуінше, ауыл шаруашылығы жерлеріне толық инвентаризация жүргізу қажет.

«Ол бір күннің шаруасы емес, оны бүкіл ел біледі. Оны өздеріңіз осы жерде талқылап, ұсыныс енгіздіңіздер. Бұл жұмыс барысында еліміздің барлық жерінің топырағының құнарлығы нақтылануы тиіс. Ауыл шаруашылығы жерлерінің кадастрлық құнын қайта қарастыру керек деп ойлаймын. Мамандардың айтуынша, бұл 10 жылдан бері қаралмаған сұрақ. Оны бір күннің ішінде, бір отырыста шешім қабылдаймыз деп те айта алмаймыз. Жердің құнарын, нарықтың құнын ескере отырып, жан-жақты талдау жүргізілуі тиіс. Халқымыз әр уақытта жерді қазынаға, байлыққа теңеген. Осы жерде азаматтардың біразы саяси астары бар екенін айтып жатыр. Ол да жоқ емес. Оны да ескеруіміз керек. Қазақта судың да сұрауы бар деген сөз бар. Сондықтан осының бәрін ескерейік», - деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Осыған орай ол жерді меншікке беруге байланысты «болады не болмайды» деп шешім қабылдамай, оны болашаққа қалдыру керек деген ойын білдірді.

«Ауыл халқы болашақта осы мәселеге қатысты тікелей шешім қабылдауы керек шығар. Парламентте біраз мәселе көтерілетіні айтылды. Соның бәрін болашақта ескере отырып, осы іске аз дегенде 3 жылдан 5 жылға дейін уақыт керек деген ойда отырмын. Асығыстық жасауға болмайды. Олай болса, жер иелігіне қатысты нормаларға жыл соңына дейін белгіленген мораторий мерзімін 5 жылға ұзартуды ұсынамыз. Бір ғана шешім болуы керек қой деп ойлаймын. Қазір бірнеше шешім қабылдауға, елді жан-жаққа тартуға еш қақымыз жоқ. Осы жердегі әрбір азамат жауапкершілікті мойнына алып отыр деп ойлаймын. Сондықтан, комиссия мүшелері осындай ортақ пікірге тоқталсақ деген ұсынысты ортаға саламын», - деді Ералы Тоғжанов.

Осыдан кейін комиссия мүшелерінің басым бөлігі қазақстандықтардың жер иелігіне қатысты нормаларға жыл соңына дейін белгіленген мораторий мерзімін 5 жылға ұзартуды қолдап дауыс берді.


Соңғы жаңалықтар