Жер мәселесінде Президент пен халықтың ойы бір жерден шықты – Мұрат Әбенов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мен Жер комиссиясының мүшесі, қоғам белсендісі Мұрат Әбенов Жер туралы заңнамаға енгзілілген соңғы өзгерістер мен түзетулер туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сарапшы Facebook парақшасында бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Жер қатынастарындағы өзгерістер туралы» Заң жөнінде пікір білдірді.

«Шатаспау үшін басын ашып алайық. Мамыр айында Мемлекет басшысының бастамасымен жерді шетелдіктердің иемденуіне тыйым салатын құжат қабылданған болатын. Бүгін қол қойылған екінші құжатқа қоғам өкілдері мен сарапшылар қатысқан Жер комиссиясы ұсынған өзгерістер енгізіліп отыр», - дейді қоғам белсендісі.

Ұлттық кеңес мүшесі Мемлекет басшысының жер мәселесіне бейжай қарамайтын халықтың пайымын ескеріп, жерге шетелдіктердің иелік етуіне толық тыйым салу туралы саяси жауапкершілікті өз мойнына алғанын, реформадағы өзге мәселелерді халықтың талқысына қалдырғанын еске салады.

«Комиссия не шешті? Оның 5 отырысы өтіп, құрамындағы 80 адам 120-ға жуық ұсыныс енгізді. Мен де осы комиссияның құрамында болдым. Менің ұстанымым - ауыл шаруашылығы жерін тек ҚР азаматтарына жалға беру еді. Сатудың кез-келген түрі жерді қаржы-өнеркәсіптік топтардың сатып алуына жол ашады. Менің екінші негізгі ұсынысым – жердің шынайы иелері туралы барлық ақпаратты ашу. Рас, бұл түзету үшін Үкіметтегі латифундистер мен лоббистер жерді цифрландыру мен космомониторингке қойылатын талаптарды жоюға тырысып, соңына дейін күресіп бақты. Дау ұзаққа созылды, соңында ымыраға келдік. Бірақ бұл ымыра уақытша деп айтар едім. Өйткені сұрақтардың бір бөлігі кейінге қалды», - дейді Мұрат Әбенов.

Қоғам белсендісі Жер комиссиясының ұсыныстары негізінде қабылданған заңнамалық өзгерістерге тоқталды.

«Әкімдерден жер қатынастарын бақылау функциясы алынды, есесіне жерге мемлекеттік бақылауды күшейту туралы шешім қабылданды. Бұрын әкімдердің қолында болған бұл құзырет Жер ресурстарын басқару комитетіне берілді.

Жерді пайдалану мақсатын өзгертуге тыйым салынды: енді «бау-бақша» және «саяжай құрылысына» алынған жерлер бақылаудан босатылмайды.

Ауыл маңындағы жайылым жергілікті халықтың ортақ игілігіне қайтарылады. Халықтың мұқтаждықтарын ескере отырып, жайылымдық жерлердің шекараларын анықтау жолға қойылады», - дейді Жер комиссиясының мүшесі.

Мұрат Әбенов космониторинг құралы арқылы елдегі латифундистердің аты-жөні көпшілікке мәлім болатынына сенімді.

«Ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға тыйым салынды. Бірақ тыйымның мерзімі – әзірге 5 жыл. Қазақстандықтарға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жекеменшікке беруге мораторий мерзімі 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылды.

Латифундистер ашықтыққа қарсы әркет етіп бағады. Жердің космомониторингін жоюға, иелердің аттарын ашқызбауға тырысады. Бірақ мен қоғам бұған жол бермейді деп сенемін. Президенттің Тоқаев азаматтардың негізгі талаптарын түсініп, қоғам ұсынып отырған өзгерістерге бастамашы болғаны жақсы. Мұндай жағдайларда азаматтар мен Президенттің ойы бір жерден шыққаны маңызды.

Бірақ арқаны кеңге салуға болмайды. Ірі жер иелері жаңа нормаларға шабуылды бастап кетті. БАҚ арқылы сыни мақалалар жариялап, сарапшылар арқылы өздеріне қолайлы пікір қалыптастыруға күш салып жатыр.

Дегенмен қоғам келер ұрпақтың мүддесін қорғай алғаны үшін қуана алады. Әрқайсымыз солардың алдында жауаптымыз», - деп түйіндеді Ұлттық кеңес мүшесі.

Соңғы жаңалықтар