Жер қойнауын тиімді пайдаланбаған кәсіпорындардың залал көлемі жаңа әдіспен есептеледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жер қойнауын ұтымды пайдаланбау салдарынан болған залал мөлшерін айқындау тәртібі өзгеруі мүмкін. Бұл туралы «Ашық» НҚА порталында жарияланған Энергетика министрінің бұйырығында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көмірсутектерді барлау мен өндіру, уран өндіру кезінде жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі талаптарды бұзу салдарынан келтірілген залалдың мөлшері көмірсутектердің немесе уранның нормаланған ысыраптарынан асатын нақты ысырабының көлемін негізге ала отырып айқындалады. Бұған қоса, ресми нормаға сәйкес, есепті кезеңдегі баға белгілеудің орташа құнына сүйене отырып құндық мәнде айқындалады», - делінген құжатта.

Бұған дейін залал мөлшері есепті кезеңдегі өнімді өткізудің орташа бағасы бойынша бекітілетін еді.

«Мысалы, жер қойнауын пайдаланушы есепті кезеңде 2 658 000 тонна мұнай өндірді. Осы кезеңде мұнайдың нақты ысырабы 4 442 тонна болды. Оның ішінде бекітілген нормативтік ысырап – 1 081 тонна. Есепті кезеңде жер қойнауын пайдаланушының мұнайды сату кезіндегі орташа баға 50,49 доллар болды. Онда көрсетілген формула арқылы (4442 - 1081) х 50,49 = 16 9696,89 долларға тең болады», - деп мысал келтірілген құжатқа қосымша берілген түсіндірмеде.

Бұйрық жобасы 7 сәуірге дейін көпшілік талқылауда болады.


Соңғы жаңалықтар