Жер қойнауын пайдаланушының аударымының бір бөлігі аудандық бюджетке бөлінеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жер қойнауын пайдаланушылардың аударымдарының бір бөлігі міндетті түрде аудандық бюджетке бөлінеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қаралған Парламент Мәжілісінде депутат Кәрібай Мұсырман Ұлттық экономика министрлігіне жолдады.

«Қолданыстағы Бюджет кодексіне сәйкес осыған дейін жер қойнауын пайдаланушылардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған аударымдары тек облыстық бюджетке түсіп келді. Ал қаралып отырған заң жер қойнауын пайдаланушылардың аударымдарының бір бөлігі – облыстардың ғана емес, аудандардың да әлеуметтік-экономикалық дамуына аударылуы қарастырылып отыр. Осыған орай сізге қояр сұрағым: осы қаражатты аудандық деңгейге беру тәртібі қандай болады?» - деді Кәрібай Мұсырман.

Бұл сұраққа жауап берген Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов қазіргі уақытта жер қойнауын пайдаланушылардың аударымдары толығымен облыстық бюджетке түсіп жатқанын растады.

«Аудандардың аумағында арнайы карьерлар болса сол өңірде жергілікті өкілетті органдар инфрақұрылым жасауы керек. Сол төлемақы арқылы бұл жұмыс жүргізілуі тиіс. Бұл норматив облыстық мәслихаттың шешімімен бекітіледі. Әрбір ауданға қандай мөлшерде берілетіні осылай шешіледі», - деді ол.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин өз кезегінде бұл нормаға қатысты өз пікірін білдірді.

«Бұрын қалай еді? Ірі кәсіпорындардан бөлінетін қаражат облыстық бюджетке ғана келіп түсетін. Ар жағында одан ары аудандарға бере ме, жоқ па – оны облыстардың басшылары шешетін. Кезінде облыстарды басқарған кезде Омархан Нұртайұлынан (Өксікбаев) біраз таяқ жедік. Есеп комитеті сұрау салатын. Ал осы жаңа норма бойынша түскен қаржы аудандарға міндетті түрде бөлінетін болады. Тек мәслихаттың шешімі керек. Бұл – жергілікті атқарушы органдар үшін өте маңызды норма», - деді Мәжіліс спикері.


Соңғы жаңалықтар