Жер қатынасын цифрландыру заңының маңызы қандай: Бағдат Мусин түсіндірді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин жер қатынасын цифрландыру туралы заңның маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жер қатынастары саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру туралы заңға қол қойған болатын.

«Заңның артықшылықтары туралы айтсам. Егер, бұрын бос жер телімдері жөніндегі ақпарат жалпыға қолжетімсіз, жабық түрде болса, енді бұл деректерге Қазақстанның кез келген азаматы қол жеткізе алады.

Цифрлық даму министрлігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жер теліміне қатысты құқықтарды тіркеу рәсімдерін жеңілдетуге көмектесетін Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры (БМЖК) жүйесін әзірледі.

БМЖК-ге қол жеткізу қоғамдық кадастр картасы арқылы жүзеге асырылады – бұл жер, құқықтық, табиғи және басқа кадастрлардан бастап, бас жоспарларға және елді мекендерді егжей-тегжейлі жоспарлауға дейінгі мәліметтерді қамтитын интерактивті цифрлық карта.

Кадастр картасы мысалы, жылжымайтын мүлікпен және жермен: сатып алу, сату, ашық түрде жалға беру сынды белгілі бір мәмілелерді жүзеге асыру үшін мемлекеттік кадастр жүйесінен онлайн мәліметтер алуға мүмкіндік береді», - деп жазды министр әлеуметтік желіде.

Осы орайда ведомство басшысы аталған жоба кезең-кезеңмен кеңейтілетінін атап өтті.

«Биылдан бастап, жер телімін беру жөніндегі электронды форматқа 89 қаланың жері туралы деректер көшіріледі.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, аталған жобаны толыққанды іске қосу жұмыстары жүргізілуде.

Бұл ретте, 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап, жылжымайтын мүліктің бірыңғай кадастр жүйесін толық енгізгенге және сынақтан өткізгенге дейін, яғни барлық мемлекеттік, оның ішінде жергілікті органдардың ақпараттық жүйелері жер қатынастары саласында мемлекеттік қызметтерді көрсету бойынша бірыңғай цифрлық форматта жұмыс істеуге дайын болғанға дейін заң жобасын қолданысқа енгізу мерзімін кейінге қалдырудың көзделіп отырғаны маңызды», - деп нақтылады Б.Мусин.


Соңғы жаңалықтар