Жер халыққа игілігін тигізуі қажет - Арман Өмірзақов

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Жер халыққа игілігін тигізуі қажет. Мұндай пікірді Ақмола облыстық экология және өлкетану оқу-әдістемелік орталығының директоры Арман Өмірзақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жолдауда ішкі саяси мәселелер, экономиканы жаңғырту, халықты әлеуметтік қамсыздандыру және инфрақұрылымды дамыту сияқты бүгінгі күннің өзекті мәселелері қамтылды. Бұл құжат еліміздің дамуы үшін алдағы кезеңде атқарылуы тиіс жұмыстарға бағыт-бағдар бола алады.

Білім беру сапасын жақсартуда «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастырудың, дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына дайындау мәселесі көңілге қонды», - дейді Арман Өмірзақов.

Сонымен қатар, ол Қазақстан Президенті Қазақстан халқына Жолдауы кезінде жерді тиімді пайдалану, жергілікті билік органдары жұмысының тиімділігін арттыру туралы тақырыптарын да қозғағанын атап өтті.

«Жолдауда айқындалған мақсаттардың жүзеге асуына біз де атсалысып, жұмыла жұмыс жасауымыз қажет. Осы іс-шаралардың орындалуы халқымыздың әлеуметтік жағдайының өсуіне септігін тигізеді деп ойлаймын. Президент жеріміздің шетелдіктерге сатылмайтынын, оған жол берілмейтінін айтты. Алдағы уақытта пайданылмайтын ауыл шаруашылығы жерлері тәркіленіп, жермен жұмыс істейтін адамдарға беріледі. Бұл мәселені шешпей, отандық агроөндірістік кешенді сапалы дамыту мүмкін емес. Бүгінгі таңда ет өндірісін көбейту азықтық дақылдарды өсіретін жердің жетіспеушілігіне тіреліп отыр. Ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру селодағы сапалы тұрмыстың жағдайына тікелей байланысты.

Жолдауда атап көрсетіліп, Үкіметке тапсырма ретінде берілген – білім және денсаулық сақтау саласын жетілдіру, еңбекақыны көбейту – міне, осы шаралардың бәрі қазақстандықтардың өмір сапасының артуына кепіл болары сөзсіз. Мен биылғы Жолдаудағы міндеттердің еліміздің қарыштап дамуына үлес қосатындығына нық сенемін!», деп түйіндеді Арман Өмірзақов.



Соңғы жаңалықтар