Жер аукциондары арқылы бюджетті 270 млрд теңгеге толтыруға болады – Құлыбаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жер аукциондары арқылы бюджетті 270 млрд теңгеге толтыруға болады. Бұл туралы Бизнесті қорғау жөніндегі IV форумда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жер аукциондарының әлеуеті өте әлсіз пайдаланылады. Біз 2018 жылғы ақпараттарды жинадық. Жер телімдеріне 17 100 рұқсат берілген. Бұл шамамен 200-250 гектар жер және соның небәрі 1 100 учаскесі ғана жер аукционы арқылы бөлінген. Біз мұнан мемлекет кірісін арттырудың үлкен әлеуетін көріп отырмыз», - деді ол.

Осы ретте Төралқа төрағасы нақты мысал да келтіріп өтті.

«Мәселен, Алматы қаласында учаскенің бастапқы құны аукцион барысында 88 есеге дейін қымбаттаған. Аукцион арқылы өткен кездегі бюджеттің әлеуеті 270 млрд теңгеден асып жығылады. Осы қаражаттардың барлығын халықтың аз қамтылған тобына, жалақыны көтеруге жұмсауға болар еді», - деді Т.Құлыбаев.

Сонымен қатар ол экономикадағы мемлекеттік сектордың қатысуын қысқарту бойынша да алда міндет тұрғанын айтты.

«Бүгінгі күні мемлекеттік және квазимемлекеттік 7 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Елбасы мемлекеттік кәсіпорындардың экономикаға қатысуын қысқарту туралы міндет жүктеді. Біз Үкіметпен бірлесіп, квазимемлекеттік кәсіпорындарды оңтайландыру, олардың қызмет түрлері, сонымен қатар мемлекеттік тапсырмаларды оңтайландыру мәселелері бойынша сараптамалық жұмыс жүргіздік», - деді Т.Құлыбаев.

Соңғы жаңалықтар