ЖЭО-2 немесе автокөлік: қаланы қайсысы көбірек ластайды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Бүгін Kazakhstan Urban Conference конференциясында Алматы әкімі қаланың ауа бассейнінің ластануына қатысты пікірін жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматы экологиясына не әсер етеді? ЖЭО-2, автомобиль мен жеке сектор қалдықтары. Осы үш факторды қалай оңтайлы шеше аламыз? Жүргізілген талдаулардың нәтижесінде көмір жағатын үйлер ауа бассейнін ластайды деген қорытындының жаңсақ екеніне көз жеткіздік. Қалада жекеменшік үйлердің 99 пайызы газбен қамтылған. Түрксіб ауданында тек 3000 үй ғана газға қосылмаған. Бұл үйлердің 300-інде әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылар екені анықталды. Біз бұл отбасылардың үйлерін бюджет есебінен қосамыз. Сонда бұл сұрақ жабылады», - деді әкім.

«Екінші мәселе, ЖЭО-2 ауаның ластануының 20-27% алып отыр. Технологиялық шешімін табуы қиын мәселелер бар. Барлық қазандықтар жер астында орналасқан. Орталықты газға көшіру туралы мамандар сөйлесін. Көгілдір отын жерастында тұра ала ма? Жарылып кетпей ме? Мен білмеймін. Мұны білікті мамандар айтуы керек», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Оның айтуынша, егер жерастындағы қазандықтар газға көшпейтін болса, бөлек газ қазандығын салу керек. Бұл жұмысқа 2 млрд доллардай қаражат кетуі мүмкін.

Бұл нысан «Самұрық Энерго» компаниясының балансында тұр.

«ЖЭО-2 мәселесін түбегейлі шешу керек. Егер бұл әкімдіктің қолында болса, шешімін табар едік», - деді ол.

Бақытжан Сағынтаев көлік қалдықтары мәселесін шешу үшін ұзақ уақыт пен төзім керектігін айтты.

«Басында экологиялық ахуалға байланысты қоғамдық көліктерді дизельге көшіру мәселесі бірінші орында тұрған. Автобус парктері бірқатар жаңарып қалды. Ендігі мақсат газбен жүретін және электрмен жүретін автобустар алуға күш салатын боламыз. Басқалары болмауы керек. Ақырындап автобустардың барлығын газға ауыстырамыз. Қаладағы троллейбустар да желілердің тозуына байланысты тұрып қалады. Осыған байланысты троллейбус желілерін қайта жаңғырту қолға алынады», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Ал қатысушылардың қай фактор көбінесе Алматы ауасын ластайтынын сұрағанда қала әкімі бұл сұраққа тап басып айту мүмкін еместігін айтты.

«Оны тап басып айту қиын. Менің ойымша, көмір жағатын жеке сектор мәселесін оңай реттеуге болады. Ал ЖЭО-2 мен автокөлік мәселесіне келсек, бірінші кезекте ЖЭО-2 мәселесін шешкен дұрыс. Сонда, қайсысы көбірек ластағаны анықталады. Мен өзім осы бағытта жұмыс жасайтын боламын. Сіздердің көмектеріңізге үміт артамын», - деді қала басшысы.

Соңғы жаңалықтар