Жеңістің 70 жылдығына орай РФ-ның Волгоград қаласында қазақстандық сарбаздарға арналған ескерткіш орнатылмақ

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Волгоград қаласындағы Мамай қорғанынан жер алып, Сталинградты қорғау кезінде қаза тапқан қазақстандықтарға арналған ескерткіш орнату ойластырылуда. Бұл туралы жуырда жұмыс сапарымен БҚО-ның Жәнібек ауданына келіп кеткен Волгоград облыстық «Қазақстан мұрасы» қорының төрағасы Айболат Ахметов мәлім етті.

Оның айтуынша, бұған ҚР Қорғаныс, Мәдениет және спорт министрлігі қолдау көрсетуде. Өткен жылы шілде айында Қазақ елінен Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі Серік Арыстанбеков Волгоградқа арнайы барып, жоспарын құрып, жұмыстанған. Қазақстан тарапынан бұл шараға 80 млн. теңге бөлінді.

«Әрине, біздің бұдан басқа да атқаратын жұмыстарымыз аз емес. Соның ішінде Еділ бойын мекендеген қандастарымыз, әсіресе, жастарымызға ана тілін үйренуіне жағдай жасау - басты парызымыз. Осы орайда қазақтар көп шоғырланған ауыл-аймақтағы мектеп, басқа да білім ордаларында қазақ тілінен факультатив сабақтар бергізу жөнінде жоспар жасалып, құжаттар әзірленуде. Бұл ретте Қазақстан, соның ішінде Волгоградқа көршілес орналасқан облыстардан әдістемелік, арнайы әдебиеттермен қамту, кадрлар біліктілігін арттыру бағытында көмектер қажет. Сол секілді Волгоград облысы бойынша қазақ тілінде газет шығару ісін де қолға алдық. Ең бастысы, шетте жүрсек те, ана тілімізді ұмытпай, халқымыздың мәдениеті мен ұлттық салт-дәстүрлерін насихаттай берсек дейміз», деді А.Ахметов.

Жәнібек ауданының әкімі Мұрат Мұқаевтың айтуынша, волгоградтық ағайындармен барынша тығыз қарым-қатынас орныққан. Жәнібек Волгоградтың Палласов сынды көршілес аудандарымен қашанда өзара тиімді байланыс жасауға мүдделі. Бұл ретте алыс-беріс, сауда айналымы өз алдына, мәдениет, руханият саласында да жиі араласудың маңызы зор. Волгоградтық қандастарға жәнібектіктердің де қолдан келер көмегі дайын.

Айта кетейік, Сталинград майданында қазақстандықтар аз қаза тапқан жоқ. Сонымен қатар оған тиіп тұрған Батыс Қазақстанның Жәнібек, Орда аудандары соғыс жағдайына келтірілді. Сол кезде осы өңірде жауынгерлермен қатар бейбіт тұрғындар да жау бомбасының астында қалып, қазаға ұшырады. Көптеген ғимараттар бүлінді.

Соңғы жаңалықтар