Жеңістен жеңіске жетуге жігерлендірген рух

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы ұлтымыз еңсерген ұлы жолды жадымызда жаңғыртып, өткеннің өнегесін үлгі етуге үндейді. Онда Елбасы: «Біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ. Көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек» деген болатын.

Осы орайда еліміздің даңқты перзенттерінің бірі, Екінші дүниежүзілік соғыстың қаһарманы Бауыржан Момышұлымен 21 жыл араласып, сыйлас, сырлас болып - батыр Баукеңніңжан дүниесін, мінез, ақыл-парасат ерекшелігін бейнелеуге арналған «Ұмытылмас кездесулер», «Атақ пен шатақ», екі кітаптан тұратын «Мен халқымның Бауыржанымын», «Мен қазақтың баласы» деген бес том туындының авторы жазушы Мамытбек Қалдыбайұлын әңгімеге тартқан едік.

- Тарих - бұл халықтың таным-түсінігін қалыптастыратын ұлы ұғым. Өткенді білмей, болашақты бағамдау әсте мүмкін емес. Сіз бүгінгі таңда да қоғамдық өмірімізге белсене араласып, оқырмандарыңызбен жиі кездесіп жүрсіз. Тұңғыш Президент ұстанған саясатын, әсіресе «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» деген еңбектерінің түпкі мақсатын жұртқа тынбай насихаттап келесіз. Біздің ерекше білсек деп қызығатынымыз, батыр Бауыржан Момышұлының азат, тәуелсіз ел болуымызды армандаған ой-пікірлері туралы естіп, білгеніңізді айтып берсеңіз?

- Баукең барлық кезде өзін еркін сезінген, шындықты айтудан ешқашан тайсалмаған ерекше тұлға. Бейбіт күндегі тыныс-тірлігі өз алдына, жан берісіп, жан алысқан қан майдан төріндегі Баукеңнің өзін қалай ұстағанын, қандай арман жетегінде болғанына тоқталайын. Ол үшін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Мұхамеджан Әбдіхалықов ағаның мына бір әңгімесіне құлақ түрелік. «СОКП Орталық Комитетінің хатшысы, СОКП Орталық Комитетінің Саяси Бюро мүшесі Александр Сергеевич Щербаков мені жеке қабылдап: «Бізде Бауыржан Момышұлы туралы әр түрлі мәлімет бар. Майданнан бәзбіреулердің оны: «Ұлтшыл, шовинист, дөрекі, командир болуға жарамайды. Советтік Отанымызға берілген солдатты сотсыз аттырып, дұшпанға көмектесті», - деген тәрізді бір десте хат сақтаулы. Енді біреулер: «Олай емес, ол нағыз батыр, ержүрек, нағыз интернационалист командир» - деп жазады. Біз кімге сенерімізді білмей отырмыз. Сіз барып дивизия командирі, генерал Чернюгов жолдаспен, дивизияның басқа полктері командирлерімен сөйлесіп, ақ, қарасын біліп қайтыңыз» деп мені 19 күнге, 1943 жылдың 12-ші тамызынан, 1-ші қыркүйегіне дейін іс-сапарға жұмсады. Баукең емделіп жатқан госпиталь кішілеу қыстақта екен. Бардық. Бауыржанды бірінші көруім. Сымдай тартылған, ұзын бойлы, етті-жеңді, қыр мұрынды, жанары өткір, келбетті жігіт екен. Қабағынан қар жауғандай сұсты, өте ашушаң, сәл нәрсеге шамданып шыға келеді. Қазақ селкілдеп отырады дейді ғой. Дәл сондай.

Екеуіміз түнімен ұйықтаған жоқпыз. Бір сөз арасында ебін тауып:

- Бауке, мен сен туралы бір қолайсыз әңгіме естідім. Ағалық ақылым, сен енді мұны екінші рет қайталама, - дедім.

- Қандай әңгіме?

- Көңіліңе алмасаң, айтам.

- Көңіліме алмаймын.

Оқиға былай болған екен. Полк жауынгерлері сапта тұрған кезде Бауыржан ақбоз атын тебініп қап, өзінің орынбасары - орыс жігітін қамшының астына алып, сабаған. Қанша батыр болса да, ондай құқық ешкімге берілмеген. Ол үшін әскери трибунал соттап жібереді.

Қамшының астында қалған әлгі орынбасар жігіт қашқан бойда дивизияның штабына барып жасырынған. Кейін штаб бастығы оны полкке жібермей, басқа офицерді жіберген.

Бауыржанға осыны айтып:

- Бүкіл полк жауынгерлерінің көзінше орынбасарыңды аттың астына алып сабауың - жүйкеңнің әбден жұқарып, өзіңді өзің ұстай алмауыңның, қысқасы мына қанды соғыстың кесірі. Саған емделу керек, - дедім.

- Менің қателігім - оны сабамай, табанда атып тастауым керек еді, - деді қаһарлана кілт сұсты күйге еніп.

- Ол не жазды? - деп едім:

- Оны жұртқа жария етудің қажеті жоқ! - деді.

Түнімен сөйлескенімізде Бауыржан көбіне соғыс туралы, қазақ жауынгерлерінің ерліктері туралы ой толғады.

- Соғыс бітеді. Соғыс біткеннен кейін жағдай өзгереді. Қайткен күнде де бізге ұлттық Армиямызды құрмай болмайды. Осы мәселені ұмытпайық, Мұха, - деген сөзі ерекше есімде қалыпты. Оны бір емес, бірнеше рет қайталап айтты.

8-ші гвардиялық дивизиядағы басқа полктерде де қазақ жауынгерлері бар ғой. Командирлер ұрыстан кейін ерлік көрсеткендерді орден, медальдарға ұсынады. Кейде аянбай соғысқан қазақтар еленбей қалатын көрінеді. Оны әдейі жасады деуге де болмас. Командирлердің қателесуі де мүмкін ғой.

Ренжіген қазақ жауынгерлері шағым айтып, Бауыржанға келеді екен. Бауыржан:

- Сендер басқа полктенсіңдер. Менің араласқаным ыңғайсыз болады, - демей, бел шешіп кірісіп кететін көрінеді. Ол бейне дивизиядағы қазақ өкілі тәрізді. Осындай және жоғарыдағы оқиғаларға байланысты оны кейбіреулер шовинист деп те сөз таратса керек.

Ертесіне кешке қарай госпитальда жаралылардың басын қосып, Бауыржанды төрге отырғызып, бәріне сый-құрмет көрсеттік. Тамақ алдында мен қысқаша сөз сөйледім.

- Біздің республикамыздан араларыңызда жалғыз Бауыржан Момышұлын емделіп жатыр екен. Бұл сіздерді бөлектегенім емес. Отанымыз бір. Сондықтан бәріңіз де туысқандарымызсыздар. Мақсатымыз - елімізді, жерімізді жаудың тырнағынан құтқару. Майдан даласында ерлікпен соғысып жатқан сіздерге рақмет айтамыз. Тезірек жазылып, қатарға қосылуларыңызға тілектеспіз. Мына алдарыңыздағы дәм Қазақстаннан әкелінген дәм. Сіздер ауыз тисін дедік, - дей келіп, тылда жасалып жатқан жұмыстарға тоқталдым.

- Құдай қаласа, біз жеңеміз. Сіздерді азық-түлік, киім-кешекпен, қару-жарақпен толық қамтамасыз етеміз.

Жаралы жауынгерлер әлсін-әлі қол шапалақтап, қошамет танытып отырды. Бәрінің жүздерінде күлкі, қуаныш.

Дастарқанда қазы-қарта, құрт-ірімшік, қымыз. Бұл тағамдар қайдан келген деп біз таңғалдық. Құрманбектің айтуынша, оны Бауыржанның тараздық өзбек аспазшысы (атын ұмыттым) бие, сиыр сауып, оқ тиген жылқыларды бауыздап сойып, қазы-қарта, тіпті балмұздақ та дайындайды екен. Сол жолы елден жемеген қазы-қартаны майдан төрінен жеп, таңғалғаным бар.

- Сіздерді көріп, Баукең қуанған шығар?

- Біз госпитальға барғанда Баукең қуанғанын сездірмеді. Ішінен қуанса, қуанған шығар. Бауыржанның қуанғанын біле қоюдың өзі қиын еді. Ол сырт көзге, әсіресе, бір көрген адамға сыр бере қоймайтын. Әрине, өзін іздеп барғанымызға ризашылығын білдірді.

Баукең жатқан госпиталь бұрынғы мектеп үйіне орналасқан. Жан-жақтан жиналған жаралылар. Ұзын саны отызшақты. Араларындағы шені үлкен жалғыз Бауыржан екен.

- Мәскеуге барғанда тиісті адамдарға керек, - деп мен Баукеңе білдірмей (білдірсең ол үзілді-кесілді қарсы болады ғой), Құрманбекті жұмсап, госпитальдың бас дәрігерінен Бауыржан сырқатының тарихы жазылған құжатты алдырып алдым.

Александр Сергеевичтің қабылдауынан шыққан соң, Қазақстан өкілеттілігінің өкілі Исағали Шәріпов екеуіміз санитарлық басқарма бастығы, медицина қызметінің генералы Ефим Иванович Смирнов деген (кейін ол кісі Кеңес одағы халық денсаулық сақтау комиссары болды) кісіге барып, сөйлестік.

- Осындай, біздің қазақ халқынан бүгінгі таңда аты шыққан жалғыз қолбасшы Бауыржан Момышұлы ғана. Мен жақында майданда болып, өз көзіммен көріп қайттым, ол кісінің денсаулығы онша емес. Өте ашушаң, жүйкесі әбден жұқарған. Сізбен ақылдасқанымыз, Бауыржанды еліміздің бір госпиталына алдыртып, емдетуге болмай ма? Міне, мына құжатта сырқатының тарихы жазылған.

- Болады, - деп генерал Смирнов бірден уәде берді.

Ұлы Отан соғысы кезінді Мұхамеджан Әбдіхалықовтың тікелей қамқорлығы арқасында Бауыржан Момышұлы майданнан Алматыға екі айға келіп, емделеді. Емделе жүріп Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев ағаларының қолқалауымен "Соғыс психологиясы" тақырыбы бойынша сол кездегі барлық зиялыларымыздың таңдаулы тобына 36 сағат лекция оқиды. Сол соғыс тақырыбындағы ашық әңгімеден соң қазақ әдебиетінде көптеген шығармалар жазылады. Баукеңнің ақиқат пен аңызға толы қаһармандық жолы сол сәттен басталады.

Еліміздің тәуелсіз алуына, дербес мемлекет болуына Бауыржан Момышұлының да қосқан үлесі аз емес.. Баукеңнің ерлігі ертеңгі жастарымызды да рухтандырып, жеңістен жеңіске жетуге жігерлендіре береді.

Әңгімеңізге рахмет.

Соңғы жаңалықтар