ЖЕҢІСКЕ ЖЕТКІЗГЕНДЕРІМІЗ: Жауынгерлерге қолғап тоқыған

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Анам соғыс жылдары тылда еңбек еткендердің бірі. Ауылдың бас көтерер азаматтары майданға аттанып, жұмысқа жарайтын ересек балалар мен әйелдердің барлығы да шөп ору, егін жинау сияқты жауапты науқандарға бар күштерін салып жүрді. Айтқандарын тыңдап отырсам, он жастағы ойын баласы қаршадай қыздың сол бір бейнеті мол жылдардағы еңбегі ерлікке папа-пар екен-ау!

«1942 жылы наурыз айында үлкен ағам Қожахмет, содан кейін Нұрахмет ағам соғысқа кетіп, күзде Батиха апайымның ері, жездем Қабидолла да майданға аттанған еді», - дейді анам сол кездерді еске алып.

"Әкем ерте қайтыс болған. Екі бөлмелі шағын үйіміз болды. Міне, сол жылдары Батиха апайым екі баласы Ораз, Меліс және қайын сіңлісі Зағышпен біздің үйге келіп тұрды. Одан басқа да екі апайым бар еді. Үлкендер жағы таң атысынан жұмысқа кететін. Мен балаларға қарайтынмын. Тамақ жағы да тапшы.

Алайда, кешке аналары келгенше шамам келгенінше бағатынмын. Біздің үймен іргелес үйде бір орыс кемпірі тұрушы еді. Қолы қалт етсе қолғап, шұлық тоқитын. Мен де қызықтым. Бір күні домалақталған бір жіпті алып барып, орыс апамнан шұлық тоқуды үйренуді бастадым. Қызыққаным соншалық, май шамның жарығымен де тоқи беретінмін.

Сол кездері бәрі «Майдан үшін, Жеңіс үшін!» деп, әрбір үйден осыншама шұлық, осыншама қолғап тоқып өткізіңдер» деген бұйрық түсетін. Апам жіп иіріп, мен тоқып, ауыл бойынша жоспарды орындаған мені ел мақтап, сыйлыққа бір пима, бір қой мен бөлке нан бергені әлі есімде. Әбден тоқымаға қызыққаным соншалық, бір күні әлгі орыс апамның шәлі тоқып отырғанын көріп, үйге келдім де шәлі тоқитын жіп іздедім. Бәтиха апам сондай кербез, сәнқой жан еді. Апамның кебежесінен үлкен домалақ ақ жібек жіп тауып алдым да, орыс апайыма бардым. Енді шәлі тоқып үйренгім келетінін айттым. Ол кісі сондай момын, мейірімді, жақсы кісі еді. Бірден келе ғой үйретейін деп, тоқитын ине ұсынды. Бұл менің бір құпия жұмысым болды. Ешкімге де тіс жармай, шұлық тоқимын деп кетемін де, әлгі шәліні бітіруге асығамын. Арасында шұлық та тоқимын.

Бір күні үйге келсем, Батиха апайым апама ұрсып жатыр екен. Шәлі тоқытатын адам тауып, енді жіпті апарайын десем, кебежедегі жіп жоқ, үйдің есігін жаппай кете бересіз, алып кеткен ғой біреу деп. Мен түк білмегендей болдым. Он жасар қыз менен ешқайсы сезіктенбеді де. Сөйтіп жүріп әлгі шәліні тоқып бітірдім де, сол үйде жуып, кергішке керіп кеттім. Ертеңінде үлбіреген шәліні қалған жібімен апайымның қолына ұстаттым. Сондағы апам мен апайымның таң қалғаны соншалық, «Көз тиер, сен тоқыды демейін» деп мені құшақтап, жерден көтеріп алды.

Қазіргі таңда жіптің неше атасы бар ғой. Біз болсақ қойдың жүнінен иіріп, оны жуып, ширатып алып керек затымызды тоқыдық. Ешкінің түбітін иірмес бұрын қылшығынан тазартудың әлегі қаншама еді.

Менде арман жоқ. Он алты құрсақ көтердім. Жетеуі үйлі-баранды. Тағдырдың салғанына дауа бар ма? Әкелерің мен үлкен ағаң о дүниелік болды. Құдайға тәубә, 20 немере 15 шөберенің қызығын қызықтап, бейнеттің зейнетін көріп отырмын. Сексенге келсем де, 70 жыл серік еткен, майдандағы жауынгерлер қадесіне асқан тоқыма тоқу өнері әлі өзіммен бірге. Бір балама, немереме шұлық тоқып кигізбесем, қолым алдыма сыймайды. Бұрынғыдай көзімнің нұры жоқ, сонда да үйренген іс көңіліме жақын", - дейді екі қолы ұршық айналдырып, жүн иіруден бір тынбаған анам. Мәулен АХМЕТҚЫЗЫ анасы Қатира Күдеріқызы туралы.

Соңғы жаңалықтар