ЖЕҢІСКЕ ЖЕТКІЗГЕНДЕРІМІЗ: «Жаумен алғаш Франкфуртта бетпе-бет келіп шайқастым»

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - «Дүниені дүр сілкіндірген Ұлы Отан соғысы басталғанда он бес жаста болатынмын», дейді біздің бүгінгі кейіпкеріміз Ұлы Отан соғысының ардагері Қоңқай Жағыпаров.

Қоңқай Жағыпаров кір жуып, кіндік кескен Дәуқара ауылының жетіжылдық мектебін тәмамдаған. Қабырғасы қатпастан қара жұмысқа жегілген ардагер зұлмат күндердегі ауылының өмірін: "Ауыл азаматтары қолдарына қару алып, кең-байтақ елді қорғауға аттанғанда шаруашылықтағы жұмыстың бар ауыртпалығы қариялардың, әйелдер мен балалардың мойнына түсті. Ауылдастарымен бірге дән сіңіріп, егін орды, шөп шапты. Ол кезде төрт ат жегілетін лобогрейкамен егін ору қиын жұмыстардың бірі еді. Дегенмен, дәуқаралықтар бар қиыншылықтарға төтеп беріп, Жеңісті жақындатуға қомақты үлестерін қосты", деп еске алады. Қарияның сөзіне қарағанда, оны 1944 жылдың қарашасында Володаровка аудандық әскери комиссариаты әскер қатарына шақырады. Бұлар Көкшетауда отырған әскери эшелон Алматы қаласына келіп тоқтайды. Осында екі ай әскери жаттығудан өтеді. 89-шы атқыштар полкінің сарбаздары әскери эшелонмен майдан шебіне келе жатқанда қираған үйлер мен соғыс техникаларын көріп, өздерін не күтіп тұрғанын бірден сезіпті. Полк Германияның жеріне түсіріліп, 129-шы дивизияның қарамағына берілді. Ол кезде 1-ші Беларусь майданының қолбасшысы маршал Георгий Жуков болатын. Кеңес әскері Одер өзені жағалауындағы Франкфурт қаласын жаудан тазарту үшін кескілескен ұрыстар жүргізіп жатқан еді. Осы жерде сержант Қоңқай Жағыпаров бөлімшесімен бірге жаумен алғаш рет бетпе-бет келіп, шайқасады. "Бөлімше жауынгерлері жығылған қарағайдың астындағы окопта тығылған жау оғының астында қалып, көбі мерт болды. Сол сәтте жаумен алғаш рет кескілескен ұрыста қасымда түрегеп тұрған жауынгердің басына оқ тиіп, қан субұрқақша атқылайды. Тағы біріне оқ тиіп, пулеметтің үні өшеді. «Бірде біздің рота селода тығылған жауды іздеп, үйлерді тінтіді. Бір үйде мен автомат кезенген жау сарбазымен кездесіп, оны жылдам қимылдаудың арқасында пистолетпен атып, көзін құрттым. Осы және өзге де ерліктерім үшін мен орден және бірнеше медальмен марапатталдым», дейді Қоңқай Жағыпаров.

Бүгінгі күні Көкшетау қаласында тұратын соғыс және еңбек ардагері Қоңқай Жағыпаров бұдан кейін Праганы азат ету, Берлинді алу үшін болған шайқастарға қатысты. 1945 жылы Берлин қаласын шабуылдау кезінде жарақаттанып, госпитальға түсті. Көп ұзамай Рейхстаг төбесінде Жеңіс туы желбіреп, адамзат баласын қайғы мен қасіретке душар еткен екінші дүниежүзілік соғыс аяқталды. Алайда, Қоңқай ағай бірден туған ауылына оралмады. Тағы да бес жыл әскер қатарында қызмет етуіне тура келді.

"Мені бөлімдегі жүз солдатпен бірге Приволжье әскери округінің орталығы - Куйбышев қаласына жіберді. Онда әскери азық-түлік қоймасында жұмыс істедім. Елге тек, 1950 жылдың қарашасында ғана оралдым. Ол кезде шаруашылық тұралап, ауылдың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы сын көтермейтін. Есепке жүйрік болған соң бірден колхоз кеңсесіне есепші болып жұмысқа орналастым. Кейін аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы Петропавл қаласындағы 8 айлық арнайы курсқа жіберіп, біраз білім алып келдім".

"Біліктілігімді арттырған соң колхоздағы есепші жұмысын одан әрі жалғастырдым. 1953 жылы көршілес Бірлестік ауылының қызы - Клара Жанұзаққызымен көңіл қосып, отбасын құрдым. Бір жылдан кейін Дәуқара ауылындағы «Карл Маркс» атындағы колхоз кеңшар болып қайта құрылып, онда бөлімше бухгалтері етіп жоғарылатты", деп сөзін қорытындылады кейіпкеріміз.

PS: Қонқай Жағыпаров он жеті жыл бойы кеңшар орталығындағы бөлімшені басқарып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесін қосты. Клара апай екеуі 4 ұл, 6 қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінгі күні ұлы ұяға, қызы қияға қонып, ата-аналарына немере-шөбере сүйгізіп отыр. Қан майданда от кешкен соғыс және еңбек ардагері аспанымыздың ашықтығын, мемлекетіміздің қуаттылығын, жас ұрпақтың бақытты болуын тілейді.

Соңғы жаңалықтар