ЖЕҢІСКЕ ЖЕТКІЗГЕНДЕРІМІЗ: Жанқұстан шыққан партизан ағамыз Сәду Бекмағанбетов жайлы естелік

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - ПАРТИЗАН десе партизан еді ғой, біздің Сәду Бекмағанбетов ағамыз... Ол әке-шешеден ерте айырылып, жастай жетім қалады. Отбасында өзінен басқа екі інісі және бір қарындасы бар еді. Ойы - қайткен күнде жан сақтап, осы бауырларын асырап-өсіріп адам қатарына қосу керек. Қара жұмыс істей жүріп, үлкендермен бірге хат тану үшін кешкі мектепке барады. Осылай бауырларын асырай жүріп, өзінің талабына қарай, хат танып та үлгереді.

1928-1929 жылдары жаңадан ашылған Еңбекшілдер ауданының орталығы Жанқұс елді мекенінің өсіп-өркендеуіне жұртпен бірдей үлкен үлесін қосады. Сөйтіп, өзінше білімі бар, беріле жұмыс істеп жүрген еңбекқор, көзі ашық, адал, жас жігіт аудан басшыларының көзіне түсе бастайды.

Бір күні Сәкеңді шақырып алып, сен бізге нағыз керек адамсың деп, аудандық милиция бөліміне (НКВД) қызметке жібереді. Бұл жұмысты да адал істеп, халықтың, басшылардың көңілінен шығады.

Әлдекімдер құсап, бәле іздемей, елден, үлкендерден, тек қана алғыс алды. Бірте-бірте бауырларын да өсіріп, қатарға қосты, жағдайы жақсара бастады. Өзі де үйленіп, отау құрды. Атап айтқанда, «сексен қызы» бар Мәдениет ауылынан, таңдап жүріп Қабиба деген қызды өзіне жар қылады. Бір жылдан кейін, Қаншайым деген қызы өмірге келеді. Бұл кезде ауданның, елдің, халықтың жағдайы ептеп жақсарған. Осы бір уақыт жалғаса беретін еді, әттең, неміс-фашист басқыншылары ойламаған жерден кеңес еліне тосыннан-тосын соғыс ашпағанда...

Соғысқа ел азаматтарының бәрі кетті. Олармен бірге, кішкентай қызы мен жас келіншегін тастап, Сәду ағамыз да майданға кете барды. Елде кемпір-шалдар мен әйелдер, өңкей бала-шаға қалды.

Арнайы дайындықтан кейін Сәкеңдерді соғысқа кіргізеді. Майданда бірнеше рет жарақат алып, госпитальда жатып, артынан тағы да соғысқа қатысады. Осындай бір қырғын шайқаста қатты жараланып, «контузия» алып, қасында басқа жауынгерлер бар, жаудың қолына түсіп қалады. Содан не керек, күндердің күні лагерьден қашып шығып, басқа солдаттармен бірге партизандар отрядына қосылады. Соғыс біткенше партизандарда болып, жауға қарсы соққы береді, фашистерден тіл әкелуге қатысады. Соның айғағы, көптеген орден, медальдары да болды. Соғыста болған жағдайларды көп айта бермейтін, тек қана біз сұрағанда ғана амалсыз аузына алатын еді.

9 мамыр - Жеңіс күнінде аудандық комиссариаттан арнайы кісілер келіп, соғыс ардагері және партизан ретінде құттықтап, марапаттайтыны есте. Соғыс біткеннен кейін елге аман-есен оралған Сәкең: «Ағайын-туыстармен қауышып, өзімнің Қабибамды, кішкентай қызымды көргенде өз көзіме өзім сенбей, құдай-ау, түсім бе, әлде өңім бе деп ойладым», - деп айтып отыратын еді. Тек қана құшағына алғанда ғана осының бәрі рас екеніне көзі жетіп, еріксізден көзінің жасына ерік береді. Осылай отбасын көргеннен кейін елде аз күн демалады. Одан әрі шыдай алмай, келіншегі мен қызын алып, Казгородок қайдасың деп, аудан орталығына келеді. Аудан басшылары Сәкеңді бірден аудандық поштаның бастығы етіп тағайындайды. Осы жұмыста біраз жыл істегеннен кейін өзі туып-өскен аудан орталығындағы миллионер атанған «Ленин» колхозына қарайтын Жаңажол ауылына бөлімше меңгерушісі болып барады.

Сәкең ағамыз бұл жұмыста да абыройсыз болған жоқ. Колхоздың мал, егін шаруашылықтарының өркендеуіне көп үлес қосты, халықпен қоян-қолтық жұмыс істеді, тіл табыса білді. Елдің үлкені де, кішісі де ол кісіні қатты сыйлады.

Аудан басшыларының арасында да елдің маңдай алды құрметті азаматы болды. Осылайша кешегі партизан Сәкең еңбек майданында да аянбай еңбек етті. Соның айғағы ретінде, алған медальдары, құрмет грамоталары, социалистік жарыс жеңімпазы белгілерін айтуға болады. Сөйтіп жүріп отбасында да алты қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. Барлығының да отбасылары бар. Осы күні немере-жиендерінің өзі бір-бір үй. Бәрі де осыдан 10 шақты жыл бұрын өмірден өткен ата-аналарының аяулы есімдерін ардақ тұтып, қастерлеп есте сақтаумен келеді.

Мұқый ЫСҚАҚОВ, еңбек ардагері.

P.S. «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 9 мамыр - Жеңіс күні қарсаңында «Менің атамның тарихы - менің Отанымның тарихы» деген тақырыппен жаңа айдар ашқан болатын. Онда әркім соғысқа, тылдағы еңбекке қатысқан өз атасы, әжесі, туысы, көршісі және т.б. ардақты ардагерлер жөнінде естелік, мақала жазып біздің редакциямыздың [email protected] электронды поштасына жолдай алады. Мақалалар 21 сәуірден 31 мамырға дейін қабылданады. Ең қызықты деген материалдар біздің сайтта аталған айдар аясында жарияланады. Осылайша, біздің оқырмандарымыз өз атасын күллі елге танытып қана қоймай, халықаралық агенттікте мақаласын орналастыруға мүмкіндік алады. Мақалаға қойылатын талаптармен мына жерден танысуға болады.

Соңғы жаңалықтар