ЖЕҢІСКЕ ЖЕТКІЗГЕНДЕРІМІЗ: Берлинге дейін барған майор Тасжан Нигматуллин

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ұлы Отан соғысында басқыншы жауға қасқайып қарсы тұрған халықтардың бірі - қазақтар. Майдан далаларында қатігез жаумен жан аямай шайқасқан біздің ата-әкелеріміз Ұлы Жеңісті қаныпезер жаудың ошағы - Берлинде тойлауды бір мерей санаса керек.

Сондай асуға өзінің ержүрек ісімен көтерілген жерлесіміздің бірі - майор Тасжан Нигматуллин. Оның ерлікке толы өмір жолы осы ақиқат шындықты айғақтай түседі.

Соғыс өртінің сөніп, ошағының аластағанына да бүгінде 70 жылға таяп қалды. Бірақ бұл қырғын соғыстың қиын-қыстау күндері артта қалса да, оның адамдар жүрегіне салған жарасы әлі жазылып болған жоқ. Талай абзал азаматтар қолына қару алып, елін қорғауға аттанды. Өмір мен өлім белдескен сол бір қиын-қыстау шақта елге аман оралғандары некен-саяқ. Ал, қазір олардың қатары кеміп, қарасы азайып та бара жатыр.

Майдангер Тасжан Нигматуллин соғыс басталғанда-ақ өзі сұранып майданға алынған екен. Өйткені, ол сол кезде Көкшетау аудандық партия комитетінің әскери істер бөлімінің нұсқаушысы болған. Соғысқа сұранғанда оның өтінішін қанағаттандырмады. Ал, сол кездегі астанамыз - Мәскеу жау қоршауында қалғанда, ол әскери офицер ретінде тылда қалуды жөн көрмей, тағы арызданды. Сөйтіп, қан майданға да аттанып кетті. Мұндай жандарды соғысқа жедел алып қана қоймай, оларды әскери командирлер дайындайтын оқу орнына жіберетін-ді. Сөйтіп, ол соғысқа алғашқы күндері-ақ аттанып кетті. Сол кездері оның жасы отызға таяп қалған. Әуелі Ақмола қаласында құрылған атты әскер дивизиясында жаттығудан өтті. Бірақ, алғашқы ұрысқа пулеметшілер ротасының құрамында артиллерия батареясы командирінің орынбасары болып кірді. Ол Мәскеу түбіндегі қиян-кескі ұрыстарға да қатысты. Кейіннен Витевск, Смоленск және Вильнюс қалаларын жаудан азат ету майдандарында болып, Шығыс Пруссия, Польша, Венгрия, Чехословакия және Австрия елдері арқылы Берлинге де жетті.

Тасжан Нигматуллиннің артында қалған естеліктерінде 1944 жылы болған ұрыстардың бірі суреттеледі. Бұл кезде Кеңес әскерлері жаудың тегеуірінін қайтарып, батысқа қарай бет алған еді. Осындай ұрыстардың қызған уақыттарының бірінде Т.Нигматуллиннің шағын жасағы Голдан селосын жау қоршауынан босатады. Батальон командирі қазақ жауынгеріне 14 адам қосып беріп, бұл селоны қоршаудан босатып, біздің әскерлеріміздің ілгері жылжуына жол ашу тапсырылады. Ал, селодағы жау әскерінің саны 150-ден асып жығылатын. Бұл жолы жас командир Тасжан Нигматуллин өзінің әскери біліктілігін көрсете білді. Шағын жасақты үш топқа бөліп, селоға жан-жақтан шабуыл жасады. Мұны күтпеген жау әскері жеңіліп, селоны тастай қашты.

Міне, Т.Нигматуллин осы ерлігі үшін І-ші дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды. Ал, оның бірнеше жауынгері мерт болып, өзі де жарақаттанды. Артынан біраз уақыт госпитальда емделіп шыққан соң, қатарға қайтадан қосылды. Өзінің екінші наградасын Кенигсберг қаласын азат еткені үшін иеленді. Бұл жолы Қызыл Жұлдыз орденінің иегері атанды. Ұлы Жеңісті Берлинде қарсы алды.

Тасжан Нигматуллин майданнан оралған соң да, бейбіт өмірге етене араласып кетті. Өйткені ол соғысқа дейінгі кезеңде Көкшетау ауданының көптеген шаруашылықтарында басшылық қызметтер де атқарған еді. Өмірбаяндық парақшасына үңілсек, аталған ауданда жер істері жөнінде халық комиссары, шаруашылық басшысы және аудандық халық комиссариаты сияқты мекемелерде әртүрлі лауазымды қызметтер істеді. Ал, соғыстан оралғасын Көкшетау ауданының атқару комитеті төрағасының орынбасары, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, «Коминтерн», «Қарабұлақ» ұжымшарларының төрағасы сияқты жұмыстарды да ойдағыдай орындады. Қызылту ауданына қарасты Чапаев кеңшарында директор болып жүрген кезінде осы өңірдің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлесін қосты.

- Соғыстан кейінгі жылдары Көкшетау ауданында қызмет атқарып жүрген шағында оның басынан талай оқиғалар өтті, - дейді оның баласы Серік Нигматуллин. - Бірде ол Краснояр кентінде тұрғындарға арнап монша салуға аудандық бюджеттен ақша бөлгізеді. Бірақ, кейбіреулер мұны мемлекет қаржысын талан-таражға салды деп Мәскеуге арыз жібереді. Кейіннен әкеміз өзін ақтамақ болып Мәскеуге жол тартады. Өйткені, кешегі ел басына күн туған жылдары жаудың бетін қайтаруға қарсы ұмтылып, қасық қаны қалғанша жаумен шайқасқан болса, енді бейбіт өмірге енді араластым ба деп жатқанда,кейбіреулердің арам пиғылдары оның жүрегін жаралаған еді. Ақыры Сталиннің өзіне де жолығады. Сонда ол: -Қазақстаннан келген азамат сенсің бе? Қазіргі уақытта Қазақстан өзінің білікті кадрларына да, мемлекеттің саясатын жүзеге асыруда да үлкен істер тындырып жатыр»,- дейді И.Сталин.

Осы оқиғадан кейін Т.Нигматуллин үйіне оралғанда Мәскеуден келген жедел хат мұның ақ-қарасын анықтап, соңғы нүктесін қойғызған еді. Бір қызығы, ол кісі Мәскеуде жүргенде біздегі шолақ белсенділер оны сырттай партия мүшелігінен де шығарып жіберген-ді.

Міне, осы келеңсіз көрініске қарамастан ел мүддесі жолында адал еңбек еткен жан кейін де қызметтің биік сатыларынан өтті. Осы еңбегі үшін 1956 жылы Еңбек Қызыл Ту орденін кеудесіне тақты. Сол жылы ол Мәскеудегі Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысып, арнайы медальмен марапатталды.

Тасжан Нигматуллин қатардағы қарапайым адам емес, ол өзінің Отаны мен халқы үшін бар өмірін арнаған абзал жандардың бірі. Сондықтан, бүгінгі Ұлы Жеңістің 69 жылдығы мерекесі күні осы бір елін ойлаған азамат жайлы сыр шертуіміздің де сыры сол. Сөзіміздің соңында осы күнді көре алмай кеткен Тасжан Нигматуллин сияқты абзал майдангерлерге тағзым ету де тағылымды іс дер едік.

Соңғы жаңалықтар