ЖЕҢІСКЕ ЖЕТКІЗГЕНДЕРІМІЗ: Әке туралы толғаныс

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 69 жылдығы жақындаған сайын сол сұрапыл соғыста жан аямай жаумен айқасқан әкелері мен аталарының ерлігі жайында баян етілген естеліктер мен кезінде майдангер туыс-жамағаттарының үлгі болар өнегелі өмірлері туралы жария болған фотосуреттер ел басына күн туған ауыр кезең жайлы сыр шертеді.

Біздің бүгінгі бақытты өмір сүріп, баянды ғұмыр кешуіміз ең алдымен сол Ұлы Жеңіс күнін жақындатып, жан алып, жан беріскен қиян-кескі ұрыстарда ерліктің үлгісін көрсеткен аға ұрпақ пен сол майдан даласында көз жұмған ержүрек ерлердің арқасы екенін ұмытпасақ керек. Сондықтан да, бүгінгі ұрпақ Ұлы Отан соғысы жылдары алғы шепте басқыншы жаумен соғысып, ал, тылда ерен еңбектің үлгісін танытқан аға ұрпақ алдында мәңгі қарыздар.

«Мен де осы айтулы күн қарсаңында соғыс ардагері болған аяулы әке туралы аз-кем әңгіме қозғауды парызым деп санап, сөз басында өзінің ата-бабалары жайында айтып отыратын, есте қалған әке әңгімесін қысқаша баян еткенді жөн көрдім, - дейді Жұмашке Бүркітбаев әкесі Тоқабай жайлы.

«Ата-бабамыз Омбы бағытындағы «Үлкен Қарой», «Кіші Қарой» аталатын кең байтақ даланың «Кіші Қаройындағы» Бостан елінде ғұмыр кешкен. Сол өңірдің мыңғырған малы көп байлары ғана жайылымның жақсысын іздеп, сонау Сілеті, Теңіз бойын жағалап кетеді екен. Оларға жалданып, мал соңынан салпақтап сонау жаққа екінің бірі бара бермеген. Қолдағы санаулы тұяққа қарап қалмай, күнкөріс көзін басқа жақтан іздейтіндер де аз болмаған. Сондайлардың бірі - Таймастың Құрманы да екі баласы Смайыл мен Бүркітбайды, әйелі Биязды ертіп «бәлен жерде бақыр бар» деген дақпыртпен Қызылжар қаласы жақты бетке алады. Ақыры ыңғайлы кәсіп таба алмай Әшірбай деген байдың шаруасын бағады. Ержетіп қалған Смайылы да жазда байдың малын бағып, қыс бойы орысша оқып, төрт кластық білімге қол жеткізеді. Сөйтіп жүргенде ол өзі есігінде жүрген Әшірбайдың қызымен көңіл қосып, үйленбекші болып алып қашады. Тұрмыс тауқыметі қысқан сол тар заманда бірін-бірі сүйген екі жастың бұл қуаныштары ұзаққа бармайды. Оның үстіне басқа да жала жабылып ақыры Смайыл Үркітке (Иркутск) 12 жылға жер аударылады. Кесімді мерзімі бітер кезде Смайылды інісі Бүркітбай әдейі іздеп шығады. Орыс деревняларындағы адал азаматтардың жанашырлық көмегімен ағасын тауып, елге аман-есен алып қайтады. Бірақ ұзақ жүріп, жол азабын тартып, көп қиыншылық көреді».

«Әкем Тоқабай да өз заманының бірсыпыра тауқыметін көріп өседі. Он екі жасында әкеден айырылған оның өз өмірі да оңай қалыптасқан жоқ. Шаңырақтың үлкені болып қалған ол, отбасында қалған бес жанмен тұрмыстың ауыртпалығын тартып, бір шеті сонау Омбыға дейін талай көшіп, сондағы орыс шаруаларының малын бақты. Полтава ауданының Мамоновка селосында тұрған кезде орыс мектебінің бастауыш класын бітіреді, - дейді бұдан әрі Жұмашке әңгімесін сабақтап. - Кейін елге оралады, ал 1929 жылы Қызылту өңірінде тұңғыш артельдер ұйымдасқанда ол алғашқы алты отбасының бірі ретінде оған мүше болып, жер жыртып, егін салады. Әкем сол кездерде-ақ «Кіші-Қарой» колхозында, кейін Тереңсай серіктестігі, Буденный атындағы колхоз болып заман ағымына сай атаулары өзгеріске ұшыраған туған жерде соғыс басталған жылдарға дейін қол үзбестен бригадир болып, өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түседі».

Тұтқиылдан соғыс ашқан жауға қарсы Отанды қорғауға бір шаңырақтан төрт бірдей азамат қатысты. «Боздақтар» кітабында жазылғандай, Бүркітбайдың үш бірдей бірге туған інілері - Сәрсен, Жұман және Жұмажандар майдан даласынан оралмай, сұм соғыс отбасына орны толмас қайғы-қасірет әкелді. -Тұтқиылдан соғыс ашқан жауға қарсы Отанды қорғауға бір шаңырақтан төрт бірдей азамат қатысты. «Боздақтар» кітабында жазылғандай, Тоқабайдың үш бірдей бірге туған інілері - Сәрсен, Жұман және Жұмажандар майдан даласынан оралмай, сұм соғыс отбасына орны толмас қайғы-қасірет әкелді.

Тоқабай 1942 жылдың 1 мамырында майданға шақырылып, 2-3 айдай артиллерист-минометчик қаруын меңгергеннен кейін көптеген қиян-кескі ұрыстарға қатысады. Польшаны азат ету кезінде тамаша ерліктер көрсетіп «Үздік минометші» белгісімен қоса «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталып аға сержант атанды, әрі бір расчетқа бөлімше командирі болып тағайындалады. Сондай-ақ осы жолы партия мүшелігіне де қабылданады. 1944 жылдың жазында Бело-Церковь бағытындағы ауыр шайқастардың бірінде басынан жараланып, оң көзінен айырылады. Қолбасшылық осы шайқаста ауыр жараланған төрт жауынгерді дереу ұшақпен Ровно қаласындағы госпитальға жөнелтеді. Кейін алты айға жуық Саратов қаласында емделіп Жеңіс жылы басталар тұста мүгедектігі жөнінен елге оралады. Жанарынан айырылғанымен аяқ-қолы сау, тумысынан елгезек Тоқабай елдегі еңбекке араласып, тағы да бригадирлікке тағайындалады. Тың игеру жылдары тұсында қайтадан Сталинград кеңшары болып өзгенртілген елде жаңа қоныстаушылармен бірге қолтықтаса еңбек етіп, қиян далада жаңа шаруашылықтың іргетасын қаласты. «Әйміш анамыз екеуі 4 баласын бағып-қағып өсіріп 1967 жылға дейін, зейнеткерлікке шыққанша адал ісімен көріне білді. Талай рет еңбектің екпіндісі, қайтадан атауы өзгерген жергілікті Киев кеңшары ауылдық кеңесінің депутаты болып сайланады. Әкем зейнетке шығар алдында имандылыққа ұйып, бес уақыт намазын қаза қылмайтын. Демалысқа шыққаннан кейін де қол құсырып отыра алмай өзі қатар ақсақалдармен бас қосып қол шалғымен қоғам малына шөп дайындайтын. Санасы ашық, көкірегі ояу әкеміз қолына түскен кітабын оқып бітірмей тыным таппайтын. Үш бірдей бауырынан айырылып, тұрмыстың азабы мен бейнетін бірдей тартқан әкеміз бірнеше ай төсек тартып 1981 жылы көз жұмғанша біздерге адал өмір сүріңдер, біреудің ала жібін аттамаңдар деп айтып отыратын еді. Ауылдан алысқа ұзай қалса, барған жеріндегі көнекөз қарттармен тез тіл табысып, олардың шыққан тектерін қаузалап, қағазға түртіп отыратын. Әсіресе Зерендінің Игілігінде тұратын Жалмұқан құдасының шаңырағына табан тірегенде Көкше жұртына аты мәлім, өмірдің ащы-тұщысын бірдей тартқан, соғыс ардагері Өзбек ақсақалмен әңгіме дүкен құруға асығатын. Жас жағынан шамалас, әрі құдандалы болған қос майдангер талай таңды көзбен атқызып, шежіре тарқатып, естіген білгендерімен бөлісіп отырушы еді».

Ал бүгіндері аяулы ардагер Тоқабайдың соңында қалған ұрпақтары оның берген тәрбие өнегесі мен адалдығын ту етіп балаларының алды Бибіжаны ақ шашты әже болып шөбере, ал Амангелді мен Күләшы немере-жиен сүйіп отыр. «Осы күнгі мамыражай бейбіт күнге жеткізген сенің арқаң, жан әке! Сөз соңында майдан даласында қалған боздақтарымызды әрқашан еске алу және ардагерлерді құрмет тұту, олардың ерліктерін кейінгі ұрпаққа жеткізіп, патриоттық рухта тәрбиелеу парызымыз болып қала бермек демекпін», - деп сөзін аяқтады Жұмашке Бүркітбаев.

Соңғы жаңалықтар