Жеңіске 70 жыл: БҚО халқына Жеңіс хабарын жеткізген ардагер тоқсанға толды (фото)

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - 1945 жылдың 9 мамырында облыстық радиодан Батыс Қазақстан облысы жұртшылығына Жеңіс туралы хабарлаған сол кезде Орал педагогикалық институтында оқитын Меруерт Жолдықайырова еді.

Өзінің айтуынша, сол кезде ол білім алумен қатар облыстық радиокомитетте диктор болып жұмыс істеп жүрген. 9 мамыр күні елең-алаңда ректордың айтуымен облыстық радиокомитетке шұғыл жеткен. Сол бойда дайын мәтінді оқып, облыс халқын Жеңіс мерекесімен құттықтаған еді. Содан кейін көшеге шыққан бойда арқа-жарқа қуанған жұртпен бірге шаттанғаны әлі жадында.

Сырым ауданында туып-өскен еңбек ардагері биыл тура тоқсан жасқа толып отыр. Институтты бітіргеннен кейін аталған оқу орнында елу жылдан астам уақыт бойы ұстаздық етті. Осы кезеңде қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін бітіргендердің бәрі оның шәкірті саналады. Орал педагогикалық институты, қазіргі М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетімен біте қайнасқаны сондай, оның «Әкем - институт, шешем - кафедра» дегені қанаты сөзге айналды. Басқа марапаттары өз алдына, 1980 жылы «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» атанды. Ардагер-ұстазды мерейтойына орай облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қабылдап, оның білім саласына сіңірген еңбегі ерекше екендігін атап көрсетті. Алғысхат пен ескерткіш сыйлықты табыс етті.

Соңғы жаңалықтар