Жеңісімді барша Қазақстан халқына арнаймын - «Үлкен опера» байқауының жеңімпазы С. Ахметова

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Ресейде өткен «Үлкен опера» жас орындаушылар телевизиялық байқауының жеңімпазы Салтанат Ахметова өзінің Мәскеудегі бұл жеңісін барша қазақстандықтарға арнайтындығын айтты.

«Бұл жеңісті барша Қазақстан халқының жетістігі деп білемін. Баршасына, әсіресе мәдениет саласына қолдау жасап жүргені үшін елміздің Президентіне үлкен алығысымды айтқым келеді. Атап айтқанда, ұстазыма, ұжым директорына ризашылығымды білдіремін», - деді опера әншісі.

Өз кезегінде «Астана Опера» театрының директоры Төлеубек Әлпиев Салтанат Ахметованы 2007 жылдан бері білетіндігін және сол кезде жас әншінің талантын байқағанын атап өтті.

Сонымен қатар ол аталған байқауда С. Ахметованың жеңісі үшін барша театр ұжымы тілектес болғандығын айта келе: «Біз баршамыз Салтанат үшін уайымдадық. Байқауға қатысу үшін келіп түскен көптеген өтінімдердің арасынан тек 20 адамды ғана іріктеп алды. Яғни, ең талантты дегендері ғана қалды», - деді. Осы орайда театр басшысы қазылар алқасы Салтанаттың өнерін жоғары бағалағанын атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, «Үлкен опера» байқауы 29 қарашада Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясында мәреге жетті.

Соңғы жаңалықтар