Жеңісімді Алматының 1000 жылдығы мен Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арнадым - Қанат Ислам

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеше Алатау бөктері өзгеше кейіпке енді.

Себебі, бұл күні қазақтың қара домалақ ұлы Қанат Ислам кәсіби бокстағы 22-жекпе-жегін тұңғыш рет өз елінде, жергілікті жанкүйерлері алдында өткізді.

Қанаттың халқын шексіз сүйетін қарапайымдылығы болар, халқы да Қанатқа қолдау көрсетуге келгенде алдарына жан салмады. Алматы төріндегі жаңадан ашылған 12 мың адамға арналған «Алматы Арена» стадионы жекпе-жек өткен кеште 18 мың адамды құшағына сыйдыра алды.

«ҚазАқпарат» агенттігінің тілшісі жанкүйерлеріне тамаша жеңіс сыйлаған Қанатты құттықтап, онымен сұхбаттасқан еді:


Жанкүйерлерім менен нокаут күткенін жақсы сезіндім

Мен бокс кешіне осындай жанкүйер жиналады деп мүлде ойлаған жоқпын. Елбасының арқасында елімізге зәулім-зәулім спорт нысандары көптеп салынуда. Солардың бірі осы 12 мың орындық «Алматы Арена» стадионы. Рингке шыға қалғанда залда ине шаншар жер қалмағанын бірден байқадым. «Қанат, Қанат, Қанат алға!» деген дауыстан зал қабырғаларының өзі шытынап кететіндей сезілді маған. Осындай қолдауды сезінбегелі, осындай айғайды естімегелі де біраз болып қалған. Жанкүйерлеріме шексіз риза болдым. Көрермендер Алматыдан ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған. Тіпті, өзге елден де келген жанкүйерлерім бар екенін естідім. Маған халықтың осындай қошеметінен артық қымбат ештеңе жоқ. Жанкүйерлерім менен нокаут күтті. Мен оны шаршы алаңда жұдырықтасып жүріп, жақсы сезіндім...

Жарыстың алдында қолымды жарақаттап алған болатынмын

Патрик бір-екі ауыр соққыға құлай салатын жігіт емес екенін көрдіңіздер. Өте әккі боксшы. Тәжірибесі де менен жоғары. Бір ғана мысал. Оның нокауттар санының өзі менің барлық жекпе-жектерімнің санынан жоғары. Осыдан-ақ, қарсыласымның қандай деңгейдегі боксшы екенін аңғаруға болады. Мен жарыстың алдында тауда жаттығып жүріп, кішкене суық тидіріп алдым. Аздап қолымды да жарақаттап алған едім. Жаттыға жүріп, ем-дом қабылдадым. Бұл да жекпе-жек барысында кері әсерін тигізді. Жарыс барысында да қолымды ауыртып алдым. 

Шетелден келген төрешілер қазақ жанкүйерлеріне таңдай қақты

Маған жарыстан кейін, шетелден келген төрешілер қазақ жанкүйерлерінің боксқа деген ықыласын көріп, таңдай қаққандарын айтты. Шынымен, көрермендер санында шек болған жоқ. Өз қандастарының жекпе-жектеріне жанкүйерлеріміз тікесінен тік тұрып қолдау көрсетті. Өнерімізді бағалай білетін халқымыз аман болсын деп тілеймін.

Жеңісімді Алматының 1000 жылдығы мен Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арнадым

Менің бұл жеңісім Алматының 1000 жылдығы мен Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына тамаша тарту болды. Жеңісімді осы қос мерекеге арнаймын. Осының барлығы тәуелсіздіктің арқасы. Тәуелсіздігіміз ұзағынан бола берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болса, бізде де жеңісті күндер көп болады деп ойлаймын. Осы орайда, бізге жекпе-жек өткізуге мүмкіндік жасап берген Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мырзаға, өз ағамдай болып кеткен, қазақ спортының жанашыры, белгілі кәсіпкер Бауыржан Оспанов мырзаға, сондай-ақ, кештің ойдағыдай өтуіне бар күштерін салған басқа да белгілі азаматтарға, ұйымдастырушыларға алғыс айтқым келеді. Ұйымдастырушылар мен менің жекпе-жегім туралы жазып, ақпараттық қолдау білдірген барлық БАҚ өкілдеріне алғыстан басқа айтарым жоқ.

Соңғы жаңалықтар