Жеңіс тақырыбында жазатын журналистер үшін байқау жарияланды - БҚО

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында Жеңістің 70 жылдығына орай журналистер үшін «Жеңіс тарихы» - «История Победы» байқауы жарияланды.

Ұйымдастыру комитетінен түскен мәліметке қарағанда, аталмыш байқауды Орал қалалық мәслихаты, Мұрат Жәкібаевтың продюсерлік орталығы және «Жайық Пресс» ЖШС ұйымдастырып отыр.

Байқауға Батыс Қазақстан облысының аумағында жарық көретін және таралатын барлық газет редакцияларының журналистері, сонымен қатар жарияланған байқауға қызығушылық танытқан, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы майдандағы жанқиярлық ерлік пен тылдағы жанкешті еңбекті паш етуге шынайы ықылас білдірген журналистика са¬ласының ардагерлері де қатыса алады. Шығармашылық додаға жеке жарияланымдарды, сондай-ақ тақырыптық топтамалар мен бір автор материалдарының сериясын ұсынуға болады. Материалдар қазақ және орыс тілдерінде қабылданады.

«Жеңіс тарихы» - «История Победы» байқауының басты мақсаты - Ұлы Отан соғысы кезінде батысқазақстандықтардың майдандағы жанқиярлық ерлігі мен ел ішіндегі, яғни тылдағы жанкешті еңбегін барынша кең және жан-жақты көрсетуге журналистерді тарту. Сонымен қатар көпшілікке беймәлім, бұрын еш жерде жарияланбаған дерек-дәйектерді, фашистік басқыншыларға қарсы күресте қазақстандықтардың басынан өткерген сын сағат, сындарлы сәттерін көрсетуге ұмтылған журналистердің шығармашылық ізденісіне қолдау көрсету.

Байқау үш кезеңнен тұрады: I кезең - 2015 жылдың 1 ақпан-15 наурыз аралығы; II кезең - 2015 жылдың 15 наурыз-15 сәуір аралығы; III кезең - 2015 жылдың 15 сәуір-20 мамыр аралығы.

Байқауға қатысу үшін газет беттерінде жарияланған мақалалардың кө¬шірмелерін жарық көрген уақытын көрсете отырып, байқау комиссиясының қарауына тапсыру қажет. Әр кезең қорытындысы бойынша комиссия газеттерде аталмыш кезең аралығында жарық көрген материалдарды ғана қарастырады. Талапқа сай келетін материалдар әр кезеңнің аяқталуынан екі күн бұрын [email protected] электрондық мекенжайына ұсыны¬лады, сондай-ақ аталмыш мақала жарияланған газеттің нөмірі Орал қ., Мұхит көш., 57/1 мекенжайы бойынша орналасқан «Жайық Пресс» ЖШС кеңсесіне жеткізілуі тиіс.

Ұйымдастыру комитеті бәйгеге ұсынылған мақала-материалдарды «Жайық Пресс» ЖШС-ның электронды сайтында және өзінің Facebook-тағы парақшасында жариялайды.

Байқау қорытындысы әр кезеңнің қорытындысы бойынша комиссия отырысында шығарылады. Ең үздік алғашқы үш мате¬риал «Жеңіс тарихы» - «История Победы» байқауы сыйлығының иегері атанады.

Әр кезең қорытындысы бойынша байқау жеңімпаздарына төмендегідей сыйақы белгіленді: бірінші сыйлық - 30 мың теңге; екінші сыйлық - 20 мың теңге, ал сайтта бәрінен көп дауыс жинаған материалға үшінші сыйлыққа 10 мың теңге тапсырылады.

Соңғы жаңалықтар