Жеңіс шеруіне қатысқан батысқазақстандық майдангер 100 жасқа толды

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Екінші дүниежүзілік соғыс және прокуратура ардагері, 1945 жылғы Жеңіс шеруінің қатысушысы, Орал қаласы мен БҚО құрметті азаматы Иван Гапич 100 жасқа толды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Майдангердің ғасырлық тойына орай «Атамекен» өнер орталығында салтанатты жиын өтті.

Онда облыс прокуроры Серік Шалабаев осы саланың құрметті қызметкері Иван Гапичтің өмір жолдарына тоқталды.

ҚР Бас прокуроры аппаратының басшысы Ғалымжан Қойгелдиев Иван Гапичті 100 жасымен құттықтап, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғысхатын табыс етті.

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев абырой биігіне көтеріліп отырған Иван Степановичтің өмірлік жолы үлкен-кішіге үлгі екендігін жеткізіп, иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.

Ардагерге басқа да сый-сияпаттар тапсырылды.

Шара барысында майдангердің өмірі арқау болған «Человек чести и долга» атты кітап таныстырылды.

Облыс көлемінде Иван Гапичтің 100 жылдығына орай басқа да іс-шаралар ұйымдастырылып, деректі фильм дайындалды.

Иван Степанович Гапич 1923 жылы 2 ақпанда Ақмола қаласында дүниеге келді. Бес жасқа толғаннан кейін ата-анасы Қарағанды қаласына қоныс аударды.

Мектепте жүргенде спортпен етене айналысты. 1941 жылы спорттық гимнастикадан республикалық жарысқа барған кезде соғыстың басталғаны туралы хабарды естіп, кері қайтты.

Сол сапардан оралысымен-ақ орта мектепті бітірмесе де, бірден әскери комиссариатқа барды. Бір жылға жасын қосып жазып, өз еркімен майданға аттанды.

Ташкенттегі радиотелеграфистерді дайындайтын әскери мектепті бітіргеннен кейін 1941 жылы қарашада Батыс майдан штабының байланысын қамтамасыз еткен 375-дербес радиодивизион құрамына алынды.

Осы дивизион құрамында Смоленск, Белоруссия, Литваны азат ету шайқастарына қатысып, жеңісті Кенигсбергте қарсы алды.

Соғыс кезіндегі батырлығы үшін үшінші дәрежелі жауынгерлік Даңқ, Қызыл Жұлдыз, екінші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін» медальдарымен марапатталды.

1945 жылы 24 маусымда Мәскеуде өткен Жеңіс шеруіне қатысқан майдангер елге екі жылдан соң оралды.

Алматыда 1951 жылы заңгерлік жоғары білім алған Иван Гапичтің бейбіт өмірдегі қызметі тұтастай прокуратурамен байланысты болды.

Соның ішінде 1966 жылдан бастап жиырма жыл уақыт бойы БҚО прокурорының бірінші орынбасары болды.

1986 жылы зейнетке шыққаннан кейін облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып келе жатқан майдангер «Құрмет» орденімен де марапатталды.

Қазіргі кезде облыста Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 16 майдангер қалды.


Фото: Мәди Ғұбайдуллин

Соңғы жаңалықтар