«Жеңіс пойызы» Жамбыл облысының шалғайдағы елді мекендеріне аттанды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығының құрметіне «Жеңіс пойызы» Жамбыл облысының шалғайдағы елді мекендерге аттандырылды, деп хабарлады аймақ әкімінің баспасөз қызметінен.

«Бүгін Жамбыл вокзалының стансасында «Жеңіске тағзым!» айлығының аясындағы «Жеңіс пойызын» аттандырудың салтанатты рәсімі өтті. Шараға облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев, атқарушы органдардың, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының, ардагерлер және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, жастар, Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстағы мүшелері қатысты», - делінген аймақ әкімінің баспасөз қызметінен келіп түскен хабарламада.

Сапарға барлығы 35 адам аттандырылды. Олардың арасында медициналық және әлеуметтік жұмыскерлер, ардагерлер және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, жастар, мәдениет және өнер қайраткерлері бар. Пойыздың құрамына ардагерлер үшін 128 тонна көлеміндегі азық-түлік артылған вагон кіреді.

«Жеңіс пойызының» жүруі бойынша стансаларда митингтер мен концерттер жоспарланып, мектептерде ардагерлердің жастармен кездесулері өтеді. Дәрігерлер мен әлеуметтік қызметкерлер мұқтаж жандарға медициналық-әлеуметтік көмек көрсетеді, барлық ардагерлерге азық-түлік жиынтықтары таратылады.

Басты міндет - соғыс, еңбек ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне кешенді медициналық, материалдық және кеңес беру көмегін көрсету.

Әкімдіктен хабарлағандай, бүгінде Жамбыл облысында Ұлы Отан соғысының 253 қатысушысы, оларға теңестірілген 2 334 адам, 7 253 тыл еңбеккері тұрып жатыр.

Соңғы жаңалықтар