Жеңіс күніне арналған марш Алматыда онлайн форматта өтеді

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Биыл «Ер есімі – ел есінде» акциясы https://batyrlargatagzym.el.kz платформасында онлайн өтеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингіде Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің өкілдері мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Онлайн-акцияны өткізуде тәжірибеміз жеткілікті. 2020-2021 жылдары карантиндік шектеу кезінде осындай акция онлайн форматта өткен еді. Акцияны дәстүрлі форматта өткізу үнемі қоғамдық қауіпсіздіктің белгілі бір келеңсіз жағдайларына алып келетіні жасырын емес. Сонымен қатар, қаланың орталық көшелерінің біріндегі қозғалыстың жабылуы автокөлік иелері мен жақын маңдағы үй тұрғындары үшін қолайсыздықтар туғызады», - деді «Ауғанстан ардагерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Алматы қалалық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Мұрат Абдушукуров.

Айтуынша, онлайн-акцияларға қала тұрғындары белсенді қатысады. Алмалы аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Батай Қабылов «Ардагерлерге тағзым» қайырымдылық акциясы аясында үйінде қызмет көрсетілетін және медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын соғыс ардагерлері мен мүгедектерін, тыл еңбеккерлерін құттықтайтындарын жеткізді. Сонымен қатар, соғыс ардагерлерін және оларға теңестірілген санаттағы адамдарды, оның ішінде үйде кешенді әлеуметтік-медициналық тексеру айы жалғасуда. Спикерлер Алматы тұрғындары мен қонақтарын арандатушылыққа берілмеуге, қоғамдағы келісім мен өзара сыйластықты сақтауға шақырды.

«9 мамыр – біздің ортақ мерекеміз. Бұл күндері ризашылық білдіріп, соғыс ардагерлерін құрметтеп, бірлікті көрсетуіміз керек»,- деді Батай Қабылов.


Соңғы жаңалықтар