Жеңіс күні қарсаңында ақмолалық полицейлер соғыс ардагерлерін құттықтады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында Ақмола облысының ПД бастығы Арманбек Баймурзин және ішкі істер органдары ардагерлері кеңесінің төрағасы Дәуітбек Нұрғалиев соғыс ардагерлері Илья Марченко және Мырзағали Қажымовты үйіне барып құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл сайын Жеңіс күні қарсаңында құқық қорғау саласында еңбек еткен соғыс ардагерлерін құттықтауды өңірдің тәртіп сақшылары дәстүрге айналдырған. Биыл да сол игі іс жалғасын тауып отыр.

Бұл жол ардагерлердің үйіне барып ПД жеке құрамы атынан құттықтаған ведомство басшысы ардагерлердің атына жылы лебізін білдіріп, олардың ерлігі өскелең ұрпақты тәрбиелеуде үлкен үлгі-өнеге екенін атап өтті.

«Сіздердің қан майдандағы ерліктеріңіз бен ішкі істер органдарында атқарған абыройлы қызметтеріңіз - бүгінгі жас қызметкерлеріміз үшін үлгі-өнеге. Отан үшін от кешкен және одан кейінгі жылдары мицилияның, бертін полиция қызметінің қалыптасуы кезеңінде сіздер ерлік пен Отанға деген сүйіспеншілік және патриотизмнің жарқын үлгісін көрсеттіңіздер», - деді ведомство басшысы.

Кездесуде ардагерлерге ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құқтықтау хат тапсырылды, сондай-ақ, Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаев атынан Алғыс хат, мерейтойлық медаль, гүл және сыйлықтар табыс етілді.

Ардагерлермен кездесуде ПД бастығы Арманбек Баймурзин олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын сұрап біліп, қажет болған жағдайда көмек қолын созуға дайын екенін жеткізді.

Сонымен қатар, ПД бастығының орынбасарлары мен ішкі істер органдарының ардагерлері кеңесінің өкілдері тыл еңбеккерлерінің, қайтыс болған соғыс ардагерлерінің және полиция қызметкерлерінің жесірлерінің үйіне барып, мерекемен құттықтады және гүл, сыйлықтарын үлестірді.


Соңғы жаңалықтар