Жеңіс Қасымбекке Жезқазған, Сәтбаев қалаларын дамыту жоспары баяндалды

None
None
ЖЕЗҚАЗҒАН. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары көмекке жүгіне алатын мекемелер саны артады. Биыл Жезқазғанда өмірлік қиын жағдайға тап болған әйелдерге арналған дағдарыс орталығы ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімі Қайрат Әбсаттаров өңір басшысы Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен өткен онлайн-кеңесте 2021 жылға арналған жоспарлар туралы айтып берді.

Оның айтуынша, Жезқазғанда әлеуметтік әл-ауқат пен жайлылық деңгейін арттыру үшін бірқатар жоба жүзеге асырылады. Екі мектеп пен екі балабақшаны күрделі жөндеуге, отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығын ашуға қаражат көзделген. Теректі станциясында жаңа мектеп салынуда, нысанды қыркүйекке дейін тапсыруға уәде берілді. Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жоспарланған.

Қалада сумен жабдықтауды жақсарту, жылу желілерін қайта құру бойынша жобалар іске асырылуда. Екінші тоқсанда Талап ауылы мен Қабанбай батыр шағынауданындағы үйлердің бірінші кезегін орталықтандырылған газбен жабдықтауға қосу күтілуде.

Жолдарды жөндеу, аулаларды абаттандыру және көгалдандыру жалғасады.

Қайрат Әбсаттаров хабарлағандай, биыл балалардың 50 ойын алаңын салу жоспарлануда.

Тұрғын үй құрылысы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша және жеке инвестициялар есебінен жүргізілуде. Биыл Жезқазғанда бес көпқабатты үйді пайдалануға берілмек.

«Қаланың апатты және ескі үйлерінен тұрғындарды көшіруге тиісті назар аудару керек. Биыл алғашқы 25 көпқабатты апатты үйдің тұрғындары көшіріледі», - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Онлайн-кеңесте Сәтбаевты дамыту жөніндегі жоспарлар да талқыланды. Қала әкімі Асқар Ыдырысов биыл 320 орындық балабақша мен Оқушылар сарайының құрылысы аяқталуы тиіс екенін айтты.

Шығыс ауданының кәріз желілері мен коллекторларын, жылу желілерін салу, Есқұла су таратқышын көшіруді аяқтау жоспарланған. Бұл жобалар қаланың тіршілігін қамтамасыз ету үшін маңызды.

Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша «Юность» стадионы мен Жеңіс саябағын қайта жаңарту қарастырылған. Қаланың 14 көшесін орташа жөндеу, 59 ауланы абаттандыру жоспарланған.

Бұдан басқа, 20 үйдің қасбеттері жөнделеді, 20 жаңа аялдама павильоны, алты балалар ойын алаңы, үш Street workout алаңы орнатылады. Үш жыл ішінде Сатбаев қаласында 400-ге жуық бейнебақылау камерасын орнатуға уәде берілді. Бұл жобаны «Қазақмыс» корпорациясы қаржыландырады.

Облыс әкімі Жезқазғанды және Сәтбаевты дамыту және проблемалық мәселелерді шешу жөнінде бірқатар тапсырмалар берді. Өңір басшысы сондай-ақ инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау, азық-түлік бағасын ұстап тұру бойынша міндеттер қойды.


Соңғы жаңалықтар