Жеңіс Қасымбек тұрғындар қауіпсіздігін қадағалауды күшейтуді тапсырды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек тұрғындардың қауіпсіздігін бақылауды күшейтуді талап етті. Мұндай тапсырманы өңір басшысы тек қала-аудан әкімдіктеріне ғана емес, сонымен қатар коммуналдық қызметтерге, мердігерлерге де берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жұмыстағы кез келген немқұрайдылық қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін», - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек онлайн режимде өткен аппараттық кеңесте.

Облыс әкімі барлық елді мекендерде қауіпті болуы ықтимал жерлерді тексеруді, әсіресе жерде жатқан ашық сымдары бар жерлерді және басқа аумақтарды назардан тыс қалдырмауды тапсырды.

«Қарағанды қаласының аудан әкімдіктерінің өтініштерінен кейін қала тұрғындары әлеуметтік желілерде нысандардағы ашық сымдардың суреттерін жаппай жариялап жатқанын көріп отырмын. Барлық фактілерге жедел әрекет етіңіздер!» – деді Жеңіс Қасымбек

Сондай-ақ, әкім балалар алаңдарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты осыған дейін берген тапсырмасын еске салды.

«Мердігерлер кемшіліктерді түзетуге асығар емес. Кезекті төтенше оқиға болғанын күтіп отырсыздар ма? Әкімдіктерге балалардың барлық ойын алаңдарын тағы бір рет тексеруді тапсырамын. Сондай-ақ, коммуналдық қызметтерге жөндеуден кейін аумақты тазалау туралы бірнеше рет айтқанбыз, бірақ тұрғындардан шағым азаймай отыр. Қайталап ескртемін, сіздерден кейін шұңқырлар, қазылған жолдар және адамдар үшін басқа да қолайсыздықтар қалмауы тиіс. Тұрғындардың қауіпсіздігі мәселесінде еш немқұрайлылық болмауы тиіс. Уақыт өте келе барлығы ұмытылып, жабулы қазан жабулы күйінде қалады деп ойламаңыздар», – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Облыс әкімі апта сайын атқарылған жұмыстар туралы баяндап отыруды тапсырды.

Естеріңізге сала кетейік, 9 маусымда Қарағандының «Горняк» базарында 32 жастағы ер адам кенеттен көз жұмды.

Сот-медициналық сараптама марқұмның электр тогы соққаннан қайтыс болғаны туралы қорытынды жасады.


Соңғы жаңалықтар