Жеңіс Қасымбек тұрғын үй кезегіне тексеру жүргізуді тапсырды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында тұрғын үй кезегі оқтын-оқтын тексеріліп тұратын болды. Өңір басшысы Жеңіс Қасымбек түгендеу жүргізуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысының тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру туралы тапсырмасын орындау онлайн аппараттық кеңесте талқыланды.

«2020 жылы облыс бойынша кезекте тұрған 1 528 адам пәтер алды. Оның ішінде коммуналдық тұрғын үй қорынан - 897, ипотекалық несиелеу бағдарламасы бойынша - 102, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ желісі бойынша несие тұрғын үйі - 124, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша - 365 және демеушілер есебінен - 40. Өткен жылдан бастап «Шаңырақ» пилоттық жобасы бойынша тұрғын үй қарызын беру басталды, бұл - «Нұрлы жер» бағдарламасының жаңа бағыты», - деді энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов.

Оның айтуынша, облыста тұрғын үй мәселесін шешу жеделдетілді.

Биыл 662 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр - бұл 2020 жылға қарағанда бірнеше есе көп.

Жыл қорытындысы бойынша кезекте тұрған 2 900 адамға тұрғын үй беру жоспарлануда.

«Құрылыс және тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері - өңірлер әкімдері жұмысының басым бағыты. «Нұрлы жер«, «Бақытты отбасы« бағдарламаларының уақытылы іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Тұрғын үйге кезекте тұрғандардың тізімдеріне мезгіл-мезгіл түгендеу жүргізу қажет. Жаңа құрылыс аталмыш индустрияны дамытуды талап етеді. Ол үшін жергілікті өндірушілерге қолдау көрсету қажет», - деп атап өтті облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.


Соңғы жаңалықтар