Жеңіс Қасымбек Тараздағы ТЖ туралы: Жапа шеккендерге қажетті жағдай жасалады

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Тараз қаласында орын алған жарылысты тергеу жөніндегі үкіметтік комиссия оқиға орнына келді. Онда тексеріс қорытындысы бойынша төтенше жағдайларды ескерту және жою жөніндегі оперативті штабтың жұмыс кеңесі өткізілді, деп хабарлайды primeminister.kz.

Газдың жарылу себептерін анықтау мақсатында сотқа дейін тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шұғыл деректер бойынша, зардап шегушілер саны - 9 адам, оның 3-еуі қаза тапқан. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп зардап шегушілерге көмек көрсетіліп жатыр. Апат болған үйдің 100-ден астам тұрғыны уақытша №47 мектепке көшірілді. Бұған қоса, зардап шегушілердің бір бөлігі «Бәйтерек» шағын ауданындағы көпқабатты тұрғын үйге көшірілді. Оларға ыстық тамақ беріліп, уақытша тұруға қажетті жағдайлар жасалған, медициналық-психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек зардап шегуші азаматтармен кездесіп, алдағы қолдау шаралары туралы хабарлады.

«Әзірге бұл үй жабық тұрады, онда тиісті зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Үйдің қайта қалпына келтіруге жарап-жарамайтынын тексереміз. Бұған уақыт керек. Жұмыстар жүргізіліп жатқан кезде әкімдік сіздерге өмір сүруге қажетті барлық жағдайды жасайды», - деді зардап шегушілерге Ж. Қасымбек.

№47 орта мектепте ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов, полиция департаменттері, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, «Жедел құтқару жасақтары» ММ, «ҚазТрансГазАймақ» ЖБФ, «Тараз қалалық электр желілері» ЖШС өкілдерінің қатысуымен оперативті кеңес өткізді.

Кеңес қорытындысы бойынша Жамбыл облысының әкіміне тиісті қызметтерге апаттық-қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізуге көмек көрсету, зардап шегушілерге қалыпқа келтіру жұмыстары кезеңінде өмір сүруге қажетті жағдайлар жасау тапсырылды.

Еске сала кетейік, Тараз қаласындағы ТЖ байланысты +7-7262-513575 нөмірі бойынша жедел желі жұмыс істейді.

Соңғы жаңалықтар