Жеңіс Қасымбек: Көліктік инспекцияны түбегейлі өзгертеміз

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде орталық аппарат пен аумақтық құрылымдардың қызметкерлері жемқорлыққа қарсы күрес шараларымен танысты. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері осы салада парамен ұсталғандарды көрсетіп, қылмыстық жазаға тарту жайында айтып берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ертең бізде кеңейтілген алқа мәжілісі өтеді. Оған аумақтық құрылымдардың басшылары да келді. Осы мүмкіндікті пайдаланып, алқа мәжілісіне дейін жемқорлық мәселесін қарастырып шыққанды жөн көрдік. Жемқорларды ұстау туралы видеоны да көрсетеміз. Мен өзім он күндей бұрын барлық видеоларды көріп шықтым. Шынымды айтсам, сол кезде қатты ұялдым», - деді министр Ж.Қасымбек.

Оның айтуынша, жемқорлық әрекеттерінің тең жартысы көліктік инспекцияға тиесілі. Осыған байланысты Ж.Қасымбек аталған құрылымға ескерту жасады.

«Ашығын айту керек, жағдай өзгеріп жатқан жоқ. Сіздерді тағайындайды, қайта ауыстырады. Бірақ өздеріңіз «жүйеге» қарсы тұра алмайсыз. Ол сіздерді «жеп қойып» отырады. Сөйтіп, екі-үш бұрын болған қызметкерлер сияқты жұмыс істей бастайсыздар. Олай болмайды. Біз бірқатар шараларды қолға алатын боламыз. Мен осыны алдын ала айтып қояйын. Осы жылдың ішінде көліктік инспекцияда қайта құрылымдау болады. Оған қатысты функциялардың көбісі автоматтандырылған жүйеге ауыстыралады. Осылайша, жолда тұратын мамандарды барынша азайтамыз. Адамдар жолда тұрмайды. Ал қалған функцияларды басқа мемлекеттік органдарға береміз. Сөйтіп, көліктік инспекцияны түбегейлі өзгертеміз. Сондықтан жылдың басында ескертіп қояйын деп отырмын. Көліктік инспекцияны толығымен аттестациядан өткіземіз. Біз жергілікті жерде инспекторлардың санын 30-40 процентке қысқартуды жоспарлап отырмыз. Сол себепті жұмысты өзгертіңіз. Әйтпесе, сіздермен қоштасамыз. Басқа құрылымдарға да айтарым осы», - деп атап көрсетті Ж.Қасымбек.

Ал ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов арнайы жұмыс тобының құрылғанын жеткізді.

«Меніңше, жоспарға біз нақты шараларды енгізіп, министрлікке қарасты құрылымдарда жемқорлықты барынша азайтуымыз қажет. Жоспардың мақсат-міндеттері айқын. Оны жол картасы үлгісінде іске асырамыз. Негізі, жоспардың жобасы бар. Жақын арада біз министрлік өкілдерімен бірге аталған құжатты жан-жақты пысықтаймыз», - дейді О.Бектенов.

Соңғы жаңалықтар