Жеңіс Қасымбек көлік саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек көлік саласының қызметкерлері мен ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанның көлік жүйесі - шын мәнінде мемлекеттілігіміздің негізі. Бұл халқымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен өркендеуіне тікелей әсер ететін экономиканың күретамыры. Соңғы жылдары ұлттық бәсекеге қабілеттілік пен тұрақты өсу факторы ретінде көліктің маңыздылығы бірден артты.  Мәселен, 2015 жылдан бастап еліміздің жалпы ішкі өніміндегі саланың үлесі кемінде 8% құрап келді. Соңғы 10 жылда инфрақұрылымды, көлік-логистикалық активтерді дамытуға салынған жалпы инвестиция көлемі шамамен 30 млрд АҚШ долларын құрады. Осы кезеңде 2 мың шақырымнан астам темір жол салынды, 6,3 мың шақырым жол реконструкцияланды, Каспий теңізіндегі порттық қуат 23,5 млн тоннаға дейін артты, 15 әуежайда қайта жаңарту жұмыстары жүргізілді», - деп жазды ол Фейсбуктегі парақшасында.

Министрдің дерегінше, инфрақұрылым саласындағы қарқынды құрылыс тиісті халықаралық рейтингтердегі Қазақстанның көрсеткіштеріне оң әсерін тигізген.

«Бүгінгі таңда Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы негізгі құрлықтық транзиттеуші ел ретінде базалық инфрақұрылым жағдайларын экономиканың жоғары кіріс көзі ретінде құрды. Мұнда көлік саласындағы әрбір қызметкердің ерен еңбегі бар екенін айтқым келеді. Барлық қызметкерлер мен ардагерлерге, теміржолшыларға, автомобильшілерге, әуе және су көлігі қызметкерлеріне, логистикалық қызмет мамандарына лайықты еңбектері мен өз жұмыстарына адалдықтары үшін алғыс айтамын», - деп атап өтеді Жеңіс Қасымбек.

Айта кетейік, «Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес тамыздың бірінші жексенбісінде көлік қызметкерлері күні аталып өткізіледі.

Соңғы жаңалықтар