Жеңіс Қасымбек кәсіпорындардың технологиялық базасы неге ақсап тұрғанын түсіндірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық технологияларды дамыту үшін Өнеркәсіптік автоматтандыру және цифрландыру институтын құру ұсынылып отыр. 

Бұл жайында Үкімет отырысында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өнеркәсіп салаларын цифрландыруға тоқталған министр, «Қазіргі уақытта еліміздегі көптеген кәсіпорындардың Индустрия 4.0-ге толық көшуге технологиялық және ұйымдастырушылық базасы жеткілікті болмай отыр. Бұл ретте, 84 пайыз өңдеу және 56 пайыздан астам тау-кен өнеркәсіп кәсіпорындары Индустрия 2.0 деңгейінде жұмыс істейді. Біздің талдауымыздың барысында Индустрия 4.0 элементтерін енгізуге кедергі болып отырған тежеуіш факторлар анықталды. Бұған бизнесті цифрландыру арқылы түсетін экономикалық пайданы толық түсінбеу, отандық зерттеулердің және автоматтандыру мен цифрландырудың әлсіз дамуы, білікті кадрлардың және қаржы мен инфрақұрылымның жетіспеуі себеп болып отыр», - деді. 

Ж. Қасымбектің сөзіне қарағанда, осы кедергілерді жою үшін халықаралық тәжірибені ескере отырып, жүйелік тиісті шаралар келесі бағыттар бойынша әзірленді: нормативтік реттеуді жетілдіру, цифрлы инфрақұрылымды, Индустрия 4.0 технологиясы бойынша өзіміздің технологиялар мен оның құзіретін дамыту, адам капиталын, қаржылық және басқа шараларды ынталандыру.  Сондай-ақ Индустрия 4.0 технологиясын енгізуді насихаттау мен цифрлық жобаларды іске асыруда бизнеске ықпал ету үшін моделді цифрлық фабрикалар құрылатын болады. Олар цифрлық технологияларды насихаттау алаңдары және Индустрия 4.0 құзыретінің ұлттық орталығы болмақ.

«Өзіміздің технологиялар мен олардың құзыреттіліктерін дамыту үшін өнеркәсіптік автоматтандыру және цифрландыру институтын құру ұсынылады.Сондай-ақ, барлық мүдделі тараптардың өзара іс-қимылы үшін мамандандырылған «Индустрия 4.0» тұғырнамасын құру жоспарлануда»,-деді ведомство басшысы.

Белгілі болғандай, жүйелі шараларды әзірлеумен қатар, ірі компаниялармен цифрландыру саласында нақты бастамаларды іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілді. Бүгінгі күні жүйеқұраушы компаниялар (Қазмырыш, ERG, АрселорМиталл  Теміртау, Қазақмыс) цифрландыру бойынша жоспарларын қалыптастырды және облыстардың әкімдіктерімен тиісті жол карталарына қол қойылды.

«Алдымен Индустрия 4.0 элементтері бар жүзеге асырылған жобалар туралы айтып өткім келеді. KAZ Minerals компаниясы Бозшакөл және Ақтоғай озық технологиялы кен байыту кешендерін іске қосты. Бұл өндірістер байыту фабрикасын автоматты басқару, карьер жағдайын жоғары дәлдікпен мониторингтеу жүйелері сияқты Индустрия 4.0 технологиясының базасында жұмыс жасайды. Мұның нәтижесінде, компания Бозшакөлдегі 1 қызметшіге - 105,7 млн теңгені (308 мың АҚШ доллары) құрайтын еңбек өнімділігінің ең жоғары көрсеткішіне қол жеткізді, бұл Қазақстан Республикасындағы осы тектес өндірістердің көрсеткіштерінен 8 есе артық»,- деді министр.

Басқа да мысал ретінде «Алтынтау Көкшетау» АҚ алтын өндіретін кен орнын атап өтуге болады. Онда карьерді онлайн-режімде мониторингтеу және өнеркәсіптік интернет жүйесі енгізілген. Бұл жүйелер еңбек өнімділігін 25 пайызға арттыруға мүмкіндік берді.

Соңғы жаңалықтар