Жеңіс Қасымбек Қарқаралы ауданының түйіткілдерімен танысып қайтты

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының тұрғындары жолдардың нашарлығына қатысты шағым айтуда. Олардың наразылығымен облыс әкімі Жеңіс Қасымбек те келісіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы жылы Егіндібұлақтан Қарқаралыға дейінгі жолды ретке келтіруді жалғастырамыз. Сондай-ақ, Қарқаралы қаласынан Қарағанды қаласына дейінгі учаскені жөндеу жұмыстары жалғасады. 2020 жылы қаржыландыру 3,5 есеге артады. Республикалық және облыстық бюджеттен бұл мақсаттарға 2 млрд теңге бөлінді», - деді Қарағанды облысының әкімі.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әскербек Халтоновтың айтуынша, Қарағандыдан Шығыс Қазақстан облысына дейінгі күре жолды Қарқаралы арқылы ауқымды қайта құру жоспарда бар. Күрделі жөндеуден кейін екі бағытта да жолақтарды 9 метрге дейін ұлғайту көзделіп отыр.

Ауыл ішіндегі жолдардың жағдайына келер болсақ, Әскербек Халтонов Қарағайлы ауылында жолдардың нашарлығына қатысты мәселе шешілгенін баяндады. Сондай-ақ, Қарқаралы қаласында барлық басты көшелер жөнделді. Бұл жұмыстар аудандық бюджеттен қаржыландырылады.

Қарқаралы ауданы бойынша 1200 шақырымнан астам автожол, оның ішінде 192 шақырым республикалық маңызы бар, 311 шақырым облыстық маңызы бар жолдар өтеді.

Ауданға жұмыс сапары барысында Жеңіс Қасымбек жол проблемалары ғана емес, сонымен қатар көлік мәселелеріне қатысты да сауалдар қойды. Қарқаралы тұрғындары облыс орталығына жету өте қолайсыз екенін айтып, шағымданды. Тікелей маршруттың болмауына байланысты транзиттік автобустармен жүруге тура келетінін жеткізді. Өңір басшысына бұл мәселе шешілгендігі туралы баяндалды. Облыстық бюджеттен қаржыландырылатын Қарағанды – Қарқаралы рейсі іске қосылды.

Келешекте Қарқаралы қаласына тек жайлы жолмен ғана емес, әуе қатынасымен де жетуге болады. Бұл жерге туристер ағымын арттыру мақсатында ұшақ рейстерін іске қосу жоспарлануда. Әскербек Халтоновтың айтуынша, 2020 жылы ЖСҚ әзірлеу жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар