Жеңіс Қасымбек азаматтардың хаттарына жалтарма жауап жіберетін басшыларды сынады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік желілердегі парақшалары кері байланыстың нақты арнасы болуын талап етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аймақ басшысы адамдар өз өтініштері мен шағымдарына қатысты нақты шешімдердің орнына, көзбояушылық ретінде жазылатын жауапхаттар алатынына наразылық білдірді.

«Адамдар жазады, бірақ реакция жоқ! Мысалы, тұрғындар аурухана жанындағы ашық құдыққа шағымданды. Олар бұл жағдай туралы бірнеше рет хабарлады. Алайда жалтарма жауаптар ғана алған. Қарапайым мәселе үш айдан соң – облыс әкімдігіне шағым түскеннен кейін ғана шешілді. Осындай іс-әрекеттер «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жоққа шығарады. Сіздерден әрбір өтініштің жіті қаралуын талап етемін», - деді Жеңіс Қасымбек онлайн режимдегі аппарат кеңесінде.

Облыс әкімі әлеуметтік желілер кері байланыстың тиімді арнасы болуы тиістігін атап өтті.

«Адамдар бюрократиялық тосқауылдарға тап болмай, сіздерге тікелей жүгіне алуы үшін әлеуметтік желілерге шығып отырғандарыңызды еске саламын. Кез келген өтінішке жауап беріңіздер. Егер өздеріңіз шеше алмасаңыздар, көмек сұраңыздар», - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.


Соңғы жаңалықтар