Жеңіс Қасымбек «АрселорМиттал Теміртаудағы» өндіріс қауіпсіздігіне пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «АрселорМиттал Теміртау» Қарағанды облысының 4 қаласының тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр. Барлығы 8 шахта жұмыс істейді. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

««АрселорМиттал Теміртау» компаниясы 60 жыл бұрын құрылған. Оның активтері жоғары. Яғни кеше, бүгін құрылған компания емес. Осы орайда өңір басшысы ретінде аталған мекеме басшылығымен өндірістік қауіпсіздік мәселесіне аса мән беру туралы келісіп жатырмын. Егер 2019 жылы компания қауіпсіздік шарасына 70-80 млрд теңге инвестиция бағыттаса, биылғы жоспар бойынша ол 190 млрд теңгені құрап отыр. Бұл қаржы нысандардағы өндіріс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталады. Аталған шара өндіріс орнында осыған дейін болған қайғылы жайттарды ескере отырып қабылданып отыр», - деді Жеңіс Қасымбек Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ облыс басшысы өндіріс қауіпсіздігіне қатысты жауапкершіліктің барын мойындап отыр.

«Бұл өңірді 3 жыл басқарып келемін. Мен келгелі «АрселорМиттал Теміртау» компаниясында қауіпсіздікті қамтуға бөлінетін инвестиция артып отыр. Иә, мекеме нысандарындағы технологияға қатысты сұрақтар бар. Дегенмен өндірісті тоқтатып тастау оңай шаруа емес. Бұл мекеме Теміртау, Шахтинск, Саран және Абай қаласының тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр. Барлығы 8 шахта жұмыс істеп тұр», - дейді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай соңғы 15 жылда «АрселорМиттал Теміртау» зауыттарында 100-ден астам жұмысшы қаза тапқан.

Биылғы 20 маусымда «АрселорМиталл Теміртау» АҚ-ның екі басшысы төрт жұмысшының қаза болуына байланысты қамауға алынды.


Соңғы жаңалықтар