Жеңіс Қасымбек: АЭА-ға неғұрлым тиімді басқарушы компанияларды тарту керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамыту бойынша кейбір облыстарда жұмыс баяу жүріп жатыр. Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бір ай бұрын арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заңға бірқатар өзгерістер енгізілді. Ол өзгерістердің көбін әкімдіктер ұсынған. Қазіргі уақытта арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың бірқатары бекітілген жоспарға сәйкес жұмыс істемейді. Бүгін ол туралы министр Роман Склярдың баяндамасында айтылып кетті. Жалпы, бюджеттен 1 теңгеге орташа алғанда 2,1 теңге инвестиция келді. Ол орташа көрсеткіш. Бірқатар облыстарда одан да төмен», - дейді Жеңіс Қасымбек Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, бұл жерде маңызды мәселе - басқарушы компаниялардың жұмысы.

«Осы аймақтардың көбінде басқарушы компаниялардың жұмысы жоғары деңгейде емес. Олардың өз шығындарын төлеуге шамасы жоқ. Сондықтан, тек облыстық бюджетке қарап отыр. Ол дұрыс емес деп санаймыз. Сол себептен, тиімді басқарушы компанияларды тарту бойынша неғұрлым белсенді жұмыс жүргізу керек. Ол әкімдіктердің міндеті.

Жалпы, қазіргі уақытта жаңа заң көп мәселелерді шешіп отыр. Енді мына бағдарлама бойынша облыстар көрсеткіштерге жету керек деп есептейміз», - дейді Жеңіс Қасымбек.

Еске сала кетсек, бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр 2021 жылы арнайы экономикалық аймақтарда 2 трлн теңгенің жобасы іске асатынын хабардар еткен болатын.

Өз кезегінде Үкімет басшысы Асқар Мамин арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамытуға қатысты бірқатар тапсырма берді.

Соңғы жаңалықтар