Жеңіліс тапсаң да, жеңістен үміт үзбеу керек-Дина Жоламан

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат-Біз бүгін әлемдік додада ел намысын абыроймен қорғап жүрген халықаралық дəрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері, қыздар арасындағы бокстан Әлем чемпионы атағын жеңіп алған былғары қолғап шебері, Жақсы ауданының құрметті азаматы, жауқазын қызы Дина Жоламан жөнінде біраз сыр шертпекпіз.

Дина Жоламанның есімі қазір спортсүйер қауымға жақсы таныс. Шағын ғана ауылдан түлеп ұшқан былғары қолғап шеберінің жұдырығы мықты, талабы таудай, арманы асқақ. Осыдан он шақты жыл бұрын Динаның дәл осындай биікке қол жеткізетініне сенген бір адам болса, ол оның анасы мен жаттықтырушысы еді.

«Қолыма былғары қолғап киіп, боксшы боламын, деп келген менің талабымды жанып, қабілетімді ашып, болашағыма зор сенім артқан жаттықтырушы Александр Высоцкийге айтар алғысым шексіз», - дейді боксшы қыз.

Қыздардың ауыр атлетика, бокс сияқты үлкен күшті қажет ететін спорт түрлерімен айналысуы бүгінде ешкімнің таңданысын тудырмайды. Содан болар, оның бокспен айналысқанына туған-туыстары да қарсы бола қоймаған.

«Бокспен 13 жасымнан бері айналысып келемін. Сол жылдары Жақсы ауданындағы «ТНК агрофирмасының» қолдауымен Т.Уәлиев атындағы спорт мектебінде қыздар боксынан үйірме ашылды. Кластас қыздармен еріп барған едім, басында жай қызығушылығым басым болды. Кейін тылсым сырға толы ғажайып спорт әлемі өзіне баурай түсті. Анам менің бұл таңдауыма қарсылық білдірген жоқ. Керісінше, қолдау көрсетті. Осылайша, былғары қолғапты мықтап қолыма кидім»,- дейді Дина Жоламан.

Спортшы өзінің әлем чемпионына дейінгі жолы бірден және кездейсоқ самғау арқылы емес, сатылап өсумен және көп тер төге отырып жаттығудың арқасында келгенін айтуда.

«Спортта «Жеңіліс тапсаң да, жеңістен үміт үзбеу керек» деген қағида бар. Рингке алғаш рет 14 жасымда шықтым. Алғашқы рет шығып, жеңіліп қалғаным рас. Бірақ, өз ісінің шебері жаттықтырушымның қолдауымен мен спорттан қол үзбей, еңсемді езбей керісінше, екі есе еңбектеніп, жеңіске деген құлшыныспен алға ұмтылдым. Бүгін соның нәтижесін көріп отырмын», деп сөзін қорытындылады кейіпкеріміз.

Айта кету керек, Дина Жоламан - 2016 жылы Астана қаласында Рио-де-Жанейродағы жазғы Олимпиадаға жолдама сарапқа салынған сайыста алтын медальды жеңіп алды. 67 елден 285 боксшы қатысқан осы дүбірлі додада 54 келі салмақ дәрежесінде сайысқа түскен ақмолалық спортшы қарсыластарының бәрін жеңіп, әлем чемпионы атанды. Әйелдер арасындағы бокс бүгінде олимпиадалық ойындар тізіміне енген спорттың ең танымал түрі болып саналады.

Бірнеше дүркін республика чемпионы болған Дина 2014 жылы Оңтүстік Кореяда өткен халықаралық жарыста бесінші сатыдан көрініп, болашағынан үлкен үміт күттіретін спортшы екенін көрсетті. Мұндай дүбірлі жарысқа алғаш қатысқан жас спортшы үшін бұл аз табыс емес. Сондай-ақ, бұл жетістік оған халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алуға ықпалын тигізді.
Астанада өткен жарысқа қайта оралсақ, бұл - дәл Олимпиада ойындары қарсаңында өткен аса жауапты да күрделі сын болған еді. Жарыс жүлдегері Олимпиадаға жолдама да алуы тиістін. Сондықтан спортшылар жеңіс үшін жанын салып бақты. Динаның қарсыластары талай жарыстарда топ жарған кілең мықтылар болды. Дегенмен, олардың атақ-даңқы, бұрынғы жеңістері жас боксшының бойына үрей ұялата қойған жоқ. Неміс спортшысы Орнелей Вахнерді 3:0 есебімен ұтқан ол қытайлық Айя Шинматоны да сондай есеппен тізе бүктірді. Финалда тағы бір қытайлық Лю Пиапиаоны да 3:0 есебімен анық басымдықпен жеңді. Сөйтіп, еліміз тарихында әйелдер арасында екінші әлем чемпионы атанды.

Өкінішке орай, Дина Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиадаға бара алмады. Өйткені, оның салмағы Олимпиада ойындарына кіретін салмақ өлшеміне енбеді. Олимпиадада әйелдер боксында үш:- 51, 60 және 75 келі салмақтары ғана қарастырылған. Дегенмен, бұл жасындай жарқырап, биікке ұмтылған талантты спортшының жолына тосқауыл бола алмайды. Оны алдында әлі де талай дүбірлі жарыстар күтіп тұр.

Елінің абыройын ойлаған, сол үшін тер төккен Қазақстанның 100 жаңа есімінің бірі Дина Жоламанды әлі талай биіктен көретініміз анық. Оған Динаның спорттық əлеуеті мен мүмкіндігі жетерлік.

Соңғы жаңалықтар