Жеңіліп көрмеген 3 қазақстандық боксшы Ресейде титулдық жекпе-жек өткізеді

None
None
⠀НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 27 қыркүйек күні Ресейдің Қазан қаласында «All Champions Kazan 2020» кәсіпқой бокс кеші өтеді. Онда Қазақстанның үш спортшысы өнер көрсетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі «Қазақстанның кәсіпқой боксы» парақшасында мәлім етілгендей, үш боксшымыз титулдық жекпе-жектерін өткізеді.

Ал AllChampions.ru сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, турнирдің басты айқасында 28 жастағы отандасымыз Бобыржан Момынов (11-0, 8КО) ресейлік Вагинак Тамразянмен (17-7, 5КО) жартылай орта салмақтағы (66,7 кг) IBF Intercontinental белдігін сарапқа салады.

Әуесқой бокста Қазақстанның үш дүркін чемпионы болған 29 жастағы Арман Рысбек (7-0, 6КО) Ресейдің өзге спортшысы Артем Брусовпен (9-0, 8KO) кездеседі. Екінші орта салмақтағы (76 кг) жекпе-жек IBF Europe титулы үшін өтеді.

18 жастағы Дастан Сәдуұлы (3-0, 3КО) жеңіл салмақтағы (61 кг) WBC Asia чемпионы атағы үшін күреседі. Оның қарсыласы – ресейлік Вильдан Минасов.



Соңғы жаңалықтар