Валюта бағамдары:
    usd/kzt 477.98 eur/kzt 488.93

    rub/kzt 7.93 cny/kzt 70.82
Ауа райы:
Нұр-Сұлтан: 1 °С
Алматы: 15 °С

Жеңілдетілген несиемен көлік беруге қосымша қаражат бөліне ме

2022 жылғы 9 маусым 14:10

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев көлік алуға жеңілдетілген пайызы төмен несиені беру бағдарламасына қосымша қаражат бөлу мәселесі пысықталатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенатта тілшілер министрден елімізде көлік алуға жеңілдетілген пайызы төмен несиені беру бағдарламасын іске асыру барысы туралы сұрады. «Бағдарлама аясында несие беру тоқтап қалды деген ақпарат тарап жатыр, бұл шындыққа жанаса ма?» - деген сауал қойылды.

Өз кезегінде Қ. Өскенбаев аталған бағдарлама аясында 100 млрд теңге бөлінгенін еске салды.

«Көлік алуға қатысты адамдардан 20 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Қазіргі кезде 10 мыңға жуық өтінімді банктер мақұлдады. Осы бағытта 3 мыңға тарта көлік иелеріне тапсырылды», - деді министр.

Сонымен қатар ведомство басшысы аталған бағдарлама аясындағы жұмыстар бір жылмен шектелмейтінін атап өтті. Осы бағдарламаны жүзеге асыру аясында қаражат револьверлік тетік арқылы бөлінді. Егер азаматтарымыз бірінші кезекте сатылымға шығарылған автомобильді алып үлгермесе, онда олар жеке адамдардан қаражат түскеннен кейін, қайтадан көлік алуға жүгіне алады.

«Бағдарлама аясында сұраныс жоғары екенін көріп отырмыз. 100 млрд теңгеге несиеге 15-16 мың автокөлік алуға болады. Қазіргі кезде банктер 73 млрд теңге сомасын мақұлдап үлгерді, 27 млрд теңгесі қалды. Бағдарламаға несие бөлуге қатысты мәселені олармен талқылайтын боламыз», - деді Қ. Өскенбаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 3 маусым күні «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ Қазақстанда көлік алуға жеңілдікпен пайызы төмен несие беру бағдарламасы бойынша жұмысты жандандыруға қатысты түсінік берді.


Автор:

Руслан Ғаббасов

Новости по теме
Ұқсас жаңалықтар