Жеңілдетілген несиемен көлік беруге 75 млрд теңгенің өтінімі мақұлданды

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Көлік алуға жеңілдетілген пайызбен несие беру бағдарламасы аясында банктер 75 млрд теңге сомасындағы өтінімдерді мақұлдады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәжілістегі парламенттік тыңдаудан кейін тілшілер министрден аталған бағдарлама бойынша несие бөлу не себепті тежеліп қалғанын сұрады.

«Бағдарлама тоқтап тұрған жоқ. Жалпы 100 млрд теңге бөлініп, соның 75 млрд теңгесіне өтінімдер мақұлданды. Енді тағы 25 млрд теңгесі қалды. Бастапқы күндердегі қарқынмен бірден 20-30 мың өтінімді қабылдай алмайды. Өйткені бағдарлама аясында тек 25 млрд теңге қалды. Осы орайда ертең тұрғындар «неге өтінімдерді қабылдадыңдар» деп наразылықтарын айтуы мүмкін», - деді Қ.Өскенбаев.

Сонымен қатар министрге бағдарламаға бойынша автокөлік қаншалықты жеткілікті болатыны туралы сұрақ қойылды.

«100 млрд теңгеге несиеге шамамен бірден 15-16 мың автокөлік алуға болады. Қазіргі кезде 10 мың көлікке есептелген өтінімді банктер мақұлдады», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қ.Өскенбаев аталған бағдарлама аясындағы жұмыстар бір жылмен шектелмейтінін атап өтті. Осы бағдарламаны жүзеге асыру барасында қаражат револьверлік тетік арқылы бөлінді.

Осы уақытқа дейін көлік алған адамдар несиесін төлей бастағаннан кейін, бұл қаражат тағы да айналымға түседі.


Соңғы жаңалықтар