Жеңілдетілген несие: 677 адам кооперативтерге бірікті

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Биыл Алматы облысында ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 2 млрд теңгеге жуық жеңілдетілген несие берілді. Нәтижесінде Ырыс, Береке және Ынтымақ бағдарламары аясында 700-дей адам өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақсу ауданына қарасты Суықсай және Арасан ауылының тұрғындары кооператив құрып, ортақ іске көшті. Қатарында алты баланың әкесі Бекен Ақылтай да бар. Жеңілдетілген несиеге мал алды, азығын реттеді. Енді балаларын еңбекке баулып, табыс тауып жан бағуда.

"Әуелде бірде бір бас малы болмаған отбасымның бүгінде қорасында 5 сиыры бар. Енді мал алып, осыдан ары қарай шаруашылықты дамытсақ деген ниетіміз бар", - дейді Бекен Ақылтай.

Ақсу ауданының екі ауылына ортақ сүт жинайтын кооператив ашылып, оған 35 отбасы мүше болды.

Қазір әр қайсының қорасында кемінде 4-5 сиырдан. Кооператив сүтті жинап, ірі сүт өндіруші компанияларға өткізеді. Сүт зауыттары ауылдағы ағайындарды салқындатқыш ыдыстармен қамтамасыз еткен. «Бақ қон» деген атау алған кооператив төрағасы алдағы уақытта сүтті тек шикізаттай өткізе бермей, өңдеу жұмыстарын алға қойғысы келеді. Ауылға цех ашып, сүттен сүзбе, қаймақ, йогурт сынды өнім шығаруды жоспарлап отыр.

«Жалпы Алматы облысында кооперативтердің 677 мүшесі 1 млрд 900 млн теңге несие алды. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры несиені төмен 6 пайызбен 7 жылға дейін береді», - дейді облыстық филиал төрағасының орынбасары Нұрлан Нығметов.

Оның айтуынша кооперативке мүше болғысы келетін ауыл тұрғындары әлі деп көп.

Биыл үлгермегендерге келесі жылға құжат жинай берулеріне болады дейді, сала мамандары.

Соңғы жаңалықтар