Жеңілдетілген автонесиеге Үкіметтен қосымша қаражат сұрауымыз мүмкін – Ринат Гаппаров

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ринат Гаппаров Үкіметке жеңілдетілген автонесие жобасының сомасын ұлғайту туралы ұсыныс жолдаулары мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз Үкіметке мынаны ұсынамыз. жеңілдетілген автонесиеге деген ел ішіндегі сұраныс қазір бөлініп отырған сомадан жоғары екенін жеткіземіз. Есіңізде болса, былтыр 100 млрд теңге бөлінген болатын. Қазір сол ақша револьерлік жүйе бойынша игеріліп жатыр», - деді ол.

Сондай-ақ, ол бүгінгі өтінім қабылдау шарасының қорытындысы бойынша Үкіметке есеп беретіндерін атап өтті.

«Өтінімді жазбаша беруіміз де мүмкін. Бүгінгі шараның қорытындысын жасап, статистикасын әзірлейміз. Үкіметке есеп беретін шығармыз. Сол жерде 125 мыңнан астам адам автонесие ресімдеуге ниет білдіргенін айтамыз. Ақша сұрайтын болсақ, оны қандай да бір деректермен дәлелдеуіміз керек қой. Сол үшін статистиканы қалыптастырамыз. 125 мың адамның қалауын түгел орындау үшін әр өтінімге 10 млн теңге дегенде, кемінде 1 трлн 250 млрд теңге қажет. Бюджеттің ондай мүмкіндігі бар ма? Бәлкім ішінара қанағаттандыру қажет болар. Бүгінгі брифингіде кейбір әріптестеріңіз жаппай қазақстандықтарды қатыстырмай, жекелеген санаттарға жеңілдетілген автонесие беру керек деген ұсыныс айтып қалды. Ол туралы да ойлануға болатын сияқты. Мысалы, әлеуметтік тұрғыда аз қамтылғандар мен тұңғыш рет көлікті болғысы келетіндер деген сияқты санаттарға несие беру жағын ойластыруға болады», - деді Ринат Гаппаров.

Осыған дейін автокредит өтінімін бүгін тіркеп үлгергендер 60 күннің ішінде көлік алатыны хабарланды.


Соңғы жаңалықтар