Жеңіл өнеркәсіп саласында 40 кәсіпорын жабылып, 6 мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада мемлекеттік қорғаныс тапсырысынан отандық жеңіл өнеркәсіп өндірушілердің қатысуын алып тастау мәселесі қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үстіміздегі жылдың желтоқсан айында Парламент Мәжілісінде «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныс тапсырысы туралы» заң жобасы мен «Қорғаныс және аэроғарыш қызметі мәселелері жөніндегі бірқатар заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау аяқталды.

Ол бойынша заңды тұлғалардың уақытша бірлестіктері (консорциум) мемлекеттік қорғаныс тапсырмаларын орындаушылар тізіміне енгізілді. Сондай-ақ, жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарына қорғаныс саласы үшін заттай мүлік өндіру және оны тасымалдауға ұзақмерзімді келісімшарттар жасауға мүмкіндік берілуі тиіс.

«Жеңіл өнеркәсіп - ел экономикасының маңызды күретамыры. Бүгінде аталған салада 12 мыңнан аса қазақстандық жұмыс істейді. Жеңіл өнеркәсіптің 80% шағын және орта кәсіпкерлерден тұрады, үстіміздегі жылдың қаңтар-қазан айларының есебі бойынша салада 67 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2-3% артық», - деді Жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндірушілер одағы президентінің кеңесшісі Батырбек Әубәкіров.null 

Оның айтуынша, өкінішке қарай жеңіл өнеркәсіп өнімдерін экспорттау көлемі 11% азайған, бүгінде ол 133 млн АҚШ долларын құрайды.

«Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі әзірлеген аталған заң жобасы жақын күндері Сенат отырсында талқыланады. Министрлік заңға енгізілген өзгерістерге қарамастан заңды тұлғалардың бірлестігін мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындаушы ретінде қабылдамай қойды. Осылайша министрлік консорциумдардың 2016 жылдан бергі мемлекеттік қорғаныс тапсырысы жүйесіндегі оң жұмыс нәтижесін біле тұра оған тыйым салып отыр. Яғни, зауытаралық кооперация моделін елемей, оған қысым жасауда. Бұл өз кезегінде жеңіл өнеркәсіп саласының тиімді өндірістік қызметіне қауіп төндіреді», - деді «Жасампаз» отандық өндірушілер консорциумы атқарушы кеңесінің төрайымы Гүлмира Уахитова.null 

Оның айтуынша, өзгерістер енгізілген заң жобасы қабылданса, ол саладағы 40-тан астам өнеркәсіптің жабылуы мен жаппай жұмыссыздыққа алып келеді. Бұл дегеніміз - еліміздің 13 өңіріндегі 6 мыңнан астам жұмысшы, оның 90% - әйелдер.

«Біздің консорциум құрылған екі жылдың ішінде еліміздегі мата, фурнитура және дайын өнім өндірушілердің басын біріктіре білді. Сол арқылы айқындалған мақсаттарға жету үшін кәсіпорындарды біріктіру тиімділігін дәлелдеді. Мемлекеттің қорғаныс тапсырмасын орындау жөніндегі келісімшартқа сәйкес «Жасампаз» консорциумы 2016 жылдан бастап 5 жылдың ішінде жеңіл өнеркәсіпті жаңғырту мен жаңа өндіріс ошақтарын құруға және шикізат көлемдерін көбейтуге 6,1 млрд теңге көлемінде инвестиция бағыттау міндеттемесін қабылдады. Қазіргі таңда жеңіл өнеркәсіп саласына 5,4 млрд теңге инвестиция құйылды», -деді Г. Уахитова.

Осылайша еліміздің жеңіл өнеркәсіп өндірушілері ҚР Парламенті Сенатының депутаттарынан аталған проблемаға назар аударып, отандық жеңіл өнеркәсіп өндірушілердің пікірін ескеруді сұрайды.

Соңғы жаңалықтар