Жеңіл өнеркәсіп қолдауды қажет етеді –Любовь Худова

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Елімізде жеңіл өнеркәсіп саласы қолдауды қажет етеді. Бұл туралы жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының 20 жылдығына арналған форумда Любовь Худова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының президенті Любовь Худованың мәлімдеуінше, әлеуметтік-экономикалық маңызы зор бұл саланы дамытуға әлемнің көптеген елдері әлдеқашан түбегейлі бетбұрыс жасаған. Мәселен, жеңіл өнеркәсіптің үлесі АҚШ, Италия, Германия, Қытай, Португалия, Түркия сияқты дамыған елдерде 12-20 пайызды құрайды. Қытай, Үндістан, Түркия, тіпті іргедегі Қырғызстан мен Өзбекстан мемлекеттері табысының қомақты бөлігін жеңіл өнеркәсіп тауарларының экспортынан түсіруде. Ал Қазақстандағы қайта өңдеу өнеркәсібі саласындағы жеңіл өнер кәсіптің үлесі небәрі 1,2 пайызды құрайды.

«Жеңіл өнеркәсіпті мемлекеттік қолдау қажеттілігі мәселесін біз көп жылдан бері көтеріп келеміз. Алайда, ештеңе өзгерер емес. Өзбекстанда жеңіл өнеркәсіп қарқынды дамуда. Себебі бұл салаға олар қатты басымдық береді. Қазақстан сияқты Өзбекстан да бұрын 90%-ға жуық шикізат экспорттады. Соңғы жылдары саясат өзгеріп, мақтаны ел ішінде барынша көптеп қайта өңдеуге тапсырмалар берілген. Оларда мақтаны қайта өңдеу бойынша бүтін бір бағдарлама жасалып, қабылданған. Соның арқасында қаншама кәсіпорын ашылып, қаншама жаңа жұмыс орындары құрылды. Біздің мақта-тоқыма саламызда бүгінгі таңда кәсіпорындар саны өте аз»,– дейді Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының президенті Любовь Худова.

Қауымдастық президентінің айтуынша, біз қолда бар шикізатты ұқсата алмай отырмыз.

«Елімізде жеңіл өнеркәсіп саласы кенжелеп тұр. Қазақстанға барлығы сырттан тасымалданады. Елімізде терінің 15% ғана игеріледі, ал жүн мүлде тапшы. Өйткені Ресей мен Қытайдан келген алыпсатарлар жүннің барлығын шетел асырып жатыр. Бұған еліміздегі жүн өңдеу орталықтарының санаулы болуы және жүнге сұраныстың жоқтығы бірден бір себеп болуда», – деді Любовь Худова.

Қауымдастық президенті жеңіл өнеркәсіптің екінші тынысын ашу үшін кәсіпкерлерге салынатын салықты азайтып, субсидияны көбейту қажет деп есептейді.

«Кез келген елдің экономикалық қауіпсіздігі мықты болу үшін жеңіл өнеркәсіптің үлесі 30%-ды құрауы керек. Әзірше бізде олай емес. Озық технологияға иек артқан Жапония, Корея мемлекеттерінің өзі жеңіл өнеркәсіптен қол үзген емес. Бұл елдерде жеңіл өнеркәсіп саласының өнімі ішкі нарықтың 80% -ын қамтиды. Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп саласын ілгерілету үшін өзімізде өндірілетін тауардың бағасын сырттан келетін тауардың бағасымен теңестіру қажет», – деді Любовь Худова.

Айта кетейік, ҚР жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының құрылғанына 20 жыл толды. Бүгінде қауымдастық құрамында 123 компания бар.

Соңғы жаңалықтар