Жеңіл көлікпен соқтығысқан «БТР» Қарулы Күштерге тиесілі емес – Қорғаныс министрлігі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан-Қарағанды тас жолында жеңіл автокөлікпен соқтығысқан бронды тасымалдаушы техника Қорғаныс министрлігіне тиесілі емес. Ведомствоның баспасөз қызметі осындай хабар таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті берген түсініктеме бойынша, оқиға 1 қыркүйекте болған. Сағат 07.35-те «Nissan Almera» маркалы автокөлігін тізгіндеген 46 жастағы жүргізуші «Нұр-Сұлтан-Қарағанды» тасжолымен Армандастар көшесінің қиылысында солға бұрылған кезде дабыл шамдары іске қосылған және арнайы дыбыс сигналы бар патрульдік автокөлікке ілесіп келе жатқан «БТР 82-А» көлігіне жол бермей, салдарынан екеуі соқтығысқан.

«Жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккендер жоқ. «Nissan Almera» автокөлігінің жүргізушісіне қатысты Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 610-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Материал Нұр-Сұлтан қаласындағы мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды. Полиция департаменті дабыл шамдары іске қосылған және арнайы дыбыстық сигналы бар көлік құралдары жақындаған кезде өзге көліктер жол беру керектігін ескертеді», - деп жазады департаменттің баспасөз қызметі.

Әзірге апатқа түскен бронды тасымалдаушы техниканың қай ведомствоға тиесілі екені белгісіз. Қорғаныс министрлігі оның Қарулы Күштердің базасында тіркелмегенін мәлім етті.

«Нұр-Сұлтан қаласында «Nissan Almera» автокөлігі мен БТР-дың соқтығысуына қатысты БАҚ-қа және әлеуметтік желіге таралған ақпаратқа байланысты Қорғаныс министрлігі жол-көлік оқиғасына түскен бронды транспортердің Қарулы Күштерге тиесілі еместігін хабарлайды», - делінген министрлтіктің мәліметінде.

Соңғы жаңалықтар