«Жемқорлықты кез келген салада жоюға күш салу керек» - республикалық басылымдарға шолу

None
None
АСТАНА. Қарашаның 20-сы. /ҚазАқпарат/ -  Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қарашаның 19-ы,  бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

Қарашаның 18-інде өткен Қазақстан Судьялар одағының V съезіне Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, Сенат және Мәжіліс төрағалары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Орал Мұхамеджанов, Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев, шетелдік қонақтар, еліміздің әр аумағынан сайланған жалпы саны 640 делегат қатысқан болатын. Олар 2005 жылы өткен ІV съезден бері екі аралықта атқарылған жұмыс нәтижелеріне талдау жасап, сот жүйесін одан әрі жетілдірудің басым бағыттарын белгіледі. Съезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Судья - халықтың ары» атты мақала осы алқалы жиынға арналған. Сонымен қатар съезд делегаттарының лебіздері де қоса жарияланған.

«20 жыл ішінде Қазақстан барысша секірді». «Егемен Қазақстан» басылымында осы тақырыппен  жарық көрген келесі мақалада РФ-ның Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың шақыруы бойынша ҚР-ның Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев өзінің ресми сапары барысында М.Ломоносов атындағы ММУ-де ресейлік саясаткерлермен кездесіп, онан соң «Аргументы и факты» апталығының ғимаратында ресейлік белді журналистермен баспасөз мәслихатын өткізгендігі жайында жазылған.

«Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан Республикасында Төтенше және өкілетті елші болып жаңадан тағайындалған Нидерланды Корольдігінің елшісі Франс Якоб Потайт, Канаданың елшісі Стефен Миллар, Латвия Республикасының елшісі Альбертс Сарканис, Бельгия Корольдігінің елшісі Даниель Бертран, Француз Рес­публикасының елшісі Жан-Шарль Бертонэ, Финляндия Респуб­ликасының елшісі Микко Тапани Киннунен, Моңғолияның елшісі Хараавч Аюурзан және Грузияның елшісі Паата Каландадзе сенім грамоталарын тапсырды», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Салтанатты рәсімге байланысты мақала бсылымның бүгінгі санында «Үйлесімді үнқатысуға әрқашан ашықпыз» деген тақырыппен жарияланған. Онда Мем­лекет басшысысының «Жиырма жылға жуық уақыт ішінде біз мемле­кеттік дамудың - қазіргі заманғы нарық­тық экономиканың, ор­нықты саяси жүйенің, азаматтық қоғам инсти­туттары дамуының берік негізін құра білдік. Осының барлығы біздің болашаққа се­німмен қарауы­мызға мүмкіндік береді», деген сөзі келтірілген.

Бұл маңызды шара «Айқын», «Экспресс-К», «Литер», «Известия», «Казахстанская правда» басылымдарының да назарынан тыс қалмаған.

Сонымен қатар «Егемен Қазақстан» басылымның дәстүрлі «Үкімет» атты апталық қосымшасында бірқатар мақалалар топтамасы жарық көрді.

Қарашаның 18-інде қазақ сахна өнерiн әлемдiк деңгейге көтеріп, кеңестiк дәуiрде-ақ өзiнің дарынымен қазақ театрының мәртебесiн аспандатқан, сахналық шешiмдерiнiң тереңдiгiмен жаңашыл режиссер атанған өнер тарландарының бірі Әзiрбайжан Мәдиұлы Мәмбетов дүниеден озған еді. Орны толмас осы қазаға орай ҚР Үкіметі, қоғам, мәдениет қайраткерлері, жазушылар ел газеті «Егемен Қазақстан» арқылы көрнекті театр және кино режиссерімен бақұлдасты.

«Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы - Словения Республикасының Президенті Данило Тюрк. Сұхбат «Нұрсұлтан Назарбаев - дана әрі көреген саясаткер, оның қолға алған кез келген жобасы орындалады» деген тақырыппен берілген. Басылымның Еуропа одағының болашағына, ғаламдық дағдарысқа, ЕҚЫҰ-ға, Ауғанстан мәселесін қатысты сауалдарына тұшымды жауап берген Словения президенті «менің пайымдауымша, Қазақстан - зор әлеуеті бар алпауыт ел. Қазақстан ядролық қарусыздану саласындағы бірқатар бастамаларымен танымал. Сонымен қатар Қазақстанның дінаралық келісімді дамытудағы тәжірибесі аса маңызды. Меніңше, бұл тәжірибе мұқият зерттеліп, әлемдік деңгейде зерделенуі қажет», деп Қазақстан туралы пікірін білдірген. Екеуара әңгіменің егжей-тегжейін басылымның бүгінгі санынан оқи аласыздар.

«Қаусап тұрған құрылыс кімге керек?». Осы тақырыппен «Айқын» газетінде жарық көрген келесі мақалада Атырау өңіріндегі мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы шеңберінде салынған баспаналардағы түйткілді жайттар айтылған.

«Қазақстан халқының денсаулығын сақтауға бөлінген әрбір теңгенің  тиісті мақсатқа жұмсалуын енді Президенттің жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссия мұқият қадағалайтын болды. Бұр туралы кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың төрағалығымен өткен осы комиссияның отырысында мәлім болды», деп жазады «Айқын» басылымы. Отырыс барысында көтерілген мәселелермен осы газеттің жұма күнгі нөміріндегі «Жемқорлықты кез келген салада жоюға күш салу керек» деген мақаладан оқи аласыздар.

«Қазақстанда кадрлық ауыс-түйіс болды», деп жазады «Литер» газеті. Бейсенбі күні «Нұр Отан» ХДП-ның төрағасы, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың төрағалығымен партияның Саяси кеңесі бюросының отырысы өтті. Онда Нұрлан Нығматулин партия төрағасының орынбасары болып тағайындалған. Осы орайда Елбасы жаңа тағайындалған орынбасардың бұған дейін Қарағанды облысының басшысы ретінде жақсы нәтижелерге қол жеткізгендігін атап өтіп, одан партияда да сондай көрсеткіштер күтетіндігін айтқан.  Сонымен қатар отырыс барысында Қарағанды облысына Серік Ахметов басшылық жасайтындығы белгілі болған.

Осы кадрлық өзгерістер жайындағы егжей-тегжейлі мақалалар «Егемен Қазақстан», «Айқын»,  «Экспресс-К», «Известия», «Казахстанская правда» газеттерінде де жарық көрді.

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, Үкімет тікелей желі барысында қазақстандықтардың  Мемлекет басшысына қойған сұрақтарды шешуді қамтамасыз етеді. 2014 жылы Қазақстан мұнай өнімдерінің барлық түрлерімен өзін толық қамтамасыздандырады. Бұл үш мұнай өңдеу зауыттарын қайта жөндеуді аяқтағаннан кейін жүзеге асады және жанармай бағасына қатысты проблемалар шешіледі. Сонымен қатар азық-түлік бағасы, балабақшалардағы орынның жетіспеуі сияқты тікелей желі барысында көтерілген мәселелерге орай Мемлекет басшысы берген бірқатар нақты тапсырмалар Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен Үкіметтегі селекторлық жиналыста талқыланған.

Соңғы жаңалықтар